Хабар телеарнасы

Ақмола облысында барлық бағыттағы жолдар жабық

Олар Астана – Атбасар, Астана – Щучьинск мен Астана – Павлодар трассалары. Сондай-ақ Солтүстік облыстардың барлығында дерлік жолдар уақытша жабылды.

Ақмола облысында барлық бағыттағы жолдар жабық. Бұған себеп -30 градустан асатын аяз бен екпіні қатты боран. Көкшетау – Астана және Бурабай – Астана бағытындағы жолдарда көлік кептелісі пайда болған. Әзірге қар құрсауында қалып қойғандар жоқ. Аймақта жолаушыларға қызмет көрсететін 239 жылыту бекеті мен 137 тамақтану орны бар.

Ербол Сағындықов, облыстық ТЖД бөлім жетекшісі:

- Егер көліктер өте көбейіп кетсе, біз боран бәсеңдеген кезде оларды бастап діттеген жерлеріне дейін шығарып саламыз. Бірақ бұл да қауіпті амал. Сондықтан көлік жүргізушілері жолдың жабық екеніне көз жеткізгеннен кейін кері қайтса деген өтініш айтамыз.

 

Павлодар облысы: Үсік шалған 8 азамат ауруханаға жеткізілді

Синоптиктердің болжамынша, Ертіс өңірінде алдағы бірнеше күнде ауа температурасы -42 градусқа дейін төмендемек. Үскірік аяз салдарынан 1-11-сынып оқушылары үшін сабақтар тоқтатылды. Аязды күндері жедел жәрдем станциясы күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Қазіргі уақытта 70 бригада жасақталған. Мамандардың айтуынша, соңғы тәуліктерде шақыртулар саны 800-ге жетеді. Брнеше күн ішінде үсік шалған 8 азамат ауруханаға жеткізілді.

Ирина Мищенко, облыстық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары:

- Қатты аяз салдарынан вирустық ауруларға шағымданатындар көбейді. Тәулігіне 600-ден астам шақырту түсіп жатыр. Жедел жәрдем бригадалары қажетті медициналық құралдармен жабдықталды. Кез келген жағдайға дайынбыз.

 

СҚО: Қатты аязда тұрақты мекенжайы жоқтарды құтқару

Петропавлдық полицейлер үскірік аязда тұрақты мекенжайы жоқ жандарға пана болды. Тәртіп сақшылары көше кезіп жүрген қаңғыбастарды қала бойынша іздеп, түнеу бөлімшесіне жеткізеді. Күніне мұнда 20-25 адам жайғасып, күн жылығанша осында болады. Уақытша тұру орнында оларға ыстық тағам беріледі. Сонымен қатар дәрігерлер қарайды. Өңірде бейсенбі, жұма күндері ауа температурасы -40-42 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Айдын Байматов, СҚО ПД ЖПҚ бастығының міндетін атқарушы:

- ЖПҚ қызметкерлерімен осы қаланың ішінен іздеп, құбырлардан, көшелерден сол адамдарды әкеліп, осында орнықтырамыз. Бұлар суық күні осында болады. Осы 4 жылдың ішінде осы ашылған кезден бастап адамдардың үсу фактілері тіркелмеді.

 

Ақтөбе облысы: 87 мың текше метр қар шығарылды

Қыс басталғалы Ақтөбе көшелерінен 87 мың текше метр қар шығарылды. Күртік қарды арнайы полигонға жеткізуге жүзден астам жүк көлігі жұмылдырылған. 11 мердігер мекеме облыс орталығымен қатар шаһарға қарасты барлық елді мекендерге қызмет етеді. Бірінші кезекте қоғамдық көлік жолдары тазартылады.

Руслан Төреғали, Ақтөбе қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Арнайы техникалардың бәрі дайын. Барлық техника 24 сағаттық кезекшілік атқаруда. Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты күн-түнге қарамай шығуға дайын тұр.

Мерей Қалиасқар, тілші:

- Дәл қазір сынап бағанасы -25 градус. Елордада бұрқасын, солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні күшейген. Алдағы екі күнде қатты аяз -37-39 градусқа жетуі ықтимал. «Қазгидрометтің» айтуынша, Сарыарқадағы сақылдаған мұндай аяз 10 жылда бір рет болатын жағдай.

Авторлары: Мерей Қалиасқар, Самат Курбиев