14 маусымға дейін аң аулауға тыйым салынды
Қорғалжын қорығындағы көлдерден балық аулауға да болмайды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты мамандары мәлімдеді. Осы арқылы мамандар: «Еліміздегі аң-құстарды аман-есен сақтап қаламыз», – деп отыр. Бұдан бөлек енді Қырғызстан мен Өзбекстаннан кейбір жеміс-жидек пен көкөністі тасымалдауға болмайды.
Айбар Төлжанұлы, тілші:
- 18 ақпаннан бастап Қорғалжын қорығының барлық аумағында балық аулауға тыйым салынды. Өйткені дәл осы жерде Бетпақдаланың екі мыңға жуық киігі қыстап шығады. Сол киіктерді адамдардан қорғап, аман-есен сақтап қалу үшін мамандар: «Қорық аумағына ешкімді кіргізбейміз», – деп отыр. Сонымен қатар 14 маусымға дейін көктемгі аңшылыққа тыйым салынды.
Аң атуға тыйым салу – дала кезіп жүрген аң-құсты аман сақтап қалу деген сөз. Мысалы соңғы үш жылда елімізде үйректің саны 10%, қасқалдақ 5%, қаз 13% көбейген.
Қайыр Рыскелдинов, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы:
- Балық аулауға Сұлтан көліне келген азаматтар сайғақты ұстап алып, оның мүйізінен ұстап, оны қинап, есін шығарған. Сондықтан сондай жағдай болмау үшін тыйым салдырып отырмыз. Қуанышқа орай, ол сайғақ аман қалды. Сайғақ – нәзік жануар.
Қырғызстан мен Өзбекстаннан тасымалданатын кейбір өнімдерге тыйым салынды
Мамандар: «Судағы тіршілік иелері мен жер бетін жортып жүрген жануарларды және қалықтап ұшқан құс атаулының барлығын қызғыштай қорғаймыз», – деп отыр. Ал заңсыз атқандарға қылмыстық жаза. Қазақ: «Ауру астан», – дейді. Мамандар қазір Қырғызстаннан келетін тұқымдық және азықтық картопқа, алма мен құрмаға және Өзбекстаннан тасымалданатын анарға тыйым салып отыр.
Алмабек Марс, ҚР АШМ Мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары:
- Алмадан, құрма және анардан карантиндік зат, картоп өнімінен картоптың алтын түстес жұмыр құрты анықталуда. Қырғыз Республикасының фитосанитарлық талапқа сай келмейтін 465 факті анықталды. Оның ішінде өнімдердің 59 фактісі карантиндік объектілермен залалдану болып шықты.
Анықталған карантиндік объектілердің қай-қайсысы болмасын өте зиян. Бастысы бұл залалды өнімдер бізге қарай шекара аспады. Карантиндік фактілер анықталысымен мамандар Қырғызстан мен Өзбекстан тарапына хабарлаған. Алайда көршілес қос мемлекет те әзірге ешқандай шара қыбалдамапты.
Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Марат Диханбаев