Қарағандылық Никита Амоскин Олимп шыңын бағындыруды армандайды
Тасжарған талант еліміздің «100 жаңа есім» жобасына еніп, жақында Елбасымен кездескен болатын. Жарқын жүздесу Никитаға жаңа белестерді бағындыруға шабыт беріп, қанаттандырыпты. Оның ендігі арманы – Олимп шыңына шығу.
Бұл – Никита мен оның спорттағы жұбы Анастасияның Бельгияда өткен әлем чемпионатында көрсеткен өнері. Дәл осы байрақты бәсекеде қос саңлақ алтыннан алқа тағып, көк байрағымызды көкте желбіреткен еді.
Никита Амоскин, спорттық акробатикадан әлем чемпионы:
- Спорттық акробатикаға бала кезден аңсарым ауды. Кейін жаттығуға жазылып, тынбай дайындалдым. Әрине, кез келген жетістікке тек табанды еңбекпен ғана жетесің. Қиындықтан қорықпау керек. Мұны бізге кездесуде Елбасы да айтты, шабыт берді. Алдымызда әлі бағындырар белес көп.
Никита спорттық акробатикаға 9 жасында келген. Оның талпынысын жаттықтырушылар бірден байқайды. «Төзімді, еңбекқор, нағыз спортшыға тән қасиеттер Никитаның бойынан табылады», – дейді олар. Соның арқасында жас талант 10 жылда халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын қорғап, Азия біріншілігін екі мәрте бағындырды. Кейін әлем чемпионы атанды.
Ботакөз Байбақұшева, жаттықтырушы:
- Никита келген бойда дайындық тобында жүрді. Өте ұстамды, мойымайтын мінезді бала. Тынымсыз еңбектің арқасында ол аз жылда осындай жетістіктерге жетті. Оның болашағынан зор үміт күтеміз, спорттағы бағындырар биігі әлі алда.
Никита отбасындағы екі баланың кенжесі. Қазір Қарағанды мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетінде 2-курста оқиды. Оның ендігі арманы – Олимп шыңын бағындыру. Қазір жаттығуды күшейткен.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин