Әлеуметтік және экономикалық мәселелер Үкіметтің таратылуына әкелді
Халықтың табысы артпай отыр, ал азық-түлігіне жұмсайтын ақшасы керісінше күн санап өсуде. Ұлттық банктің дерегінше, азаматтарымыздың тек 10% ғана табысы 300 мыңнан асады. Ал тапқан ақшаның 40% тамағы мен пәтерақыға жұмсалады. Ұлттық банк пен Ұлттық экономика министрліктері өз кезегінде бизнесті ұлт қамына жұмыс істете алмады. Оның ІЖӨ-дегі үлесі мардымсыз, кәсіпорындар халықты жұмыспен толық қамтамасыз етпеді. Сол кәсіпорындардың қажетті тауар өндіре алмағандығы ендігі жерде елдің индустриалдық бағдарламасына сын. Сарапшылар: «Президент Үкімет ұсынған есептерге қарамастан ел тынысын жақсы білетінін көрсетті», – дейді.
Жәнібек Арынов, ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы:
- Үкіметтің кешегі таратылуы күтпеген оқиға болды деуге келмейді. Өйткені бұған дейін де Президент тарапынан, халықтың тарапынан кешегі Үкіметтің жұмысына көптеген сыни көзқарастар айтылған болатын. Естеріңізде болса, 30 қаңтарда өткен кеңейтілген отырыс барысында Президент тарапынан өте үлкен сын айтылды. Әлеуметтік-экономикалық мәселелердің жиналып қалғандығы айтылған болатын.