Тараздағы жарылыстың себеп-салдарын арнайы комиссия анықтап жатыр
Сондай-ақ баспанасыз қалған жандарды Бәйтерек шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйге уақытша орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Апатқа байланысты Елбасы тапсырмасымен, Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбектің төрағалық етуімен Үкімет комиссиясы құрылып, штаб отырысы өтті. Жарылыстың неден болғаны жіті тексеріліп, қылмыстық іс қозғалды.
Қырмызы Жексенбек, тілші:
- Таңғы 06:30 шамасында Тараздағы №9 ықшам аудандағы 62-ші көпқабатты тұрғын үйде жарылыс болды. Оқыс оқиға 2-қабаттағы 49-шы пәтерде болған.
Осы оқиғаға байланысты Президент тапсырмасына сай құрылған комиссия мүшелері ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен оқиға орнына шұғыл келіп, зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Комиссияның шұғыл отырысы өтіп, оқиғаның себеп-салдары жан-жақты талқыланды. Алдын ала болжамға сәйкес, апат газ жабдықтарын абайсыз пайдаланудан орын алған. Жарылыстың неден болғаны тексеру жұмыстарынан кейін нақты белгілі болады.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Біз зерттеуді бітіріп, себебін анықтаймыз. Осы үй жөндеуге жата ма, жатпай ма, ары қарай түсінікті болады. Осы үйде мына кісілер тұратын болады ма, тұрмай ма? Әкімшілік көмекті қайтыс болған адамдардың отбасыларына көрсетіп жатыр. Кісілердің барлығы басқа жерге көшіріледі. Көбісі туыстарына, таныстарына кетті. Қалған 30 адам жанында тұрған мектепте, осы күннің соңына дейін әкімшілік сол кісілерді дайын пәтерге көшіреді.
Жарылыс салдарынан 6 адам ауруханаға жеткізіліп, 3 адам көз жұмды. Қазір түрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен 6 адамның үшеуі үйіне қайтарылды. Ал қалған үш адамның өмірімен дәрігерлер арпалысып жатыр.
Марат Жұманқұлов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- 15 жасар қыз балалар ауруханасына жатқызылды. Оған ота жасалды. Жағдайы ауыр. Ал тағы бір азамат №2 қалалық ауруханада жатыр. Ол II, III дәрежедегі күйікпен түсіп отыр. Оның да жағдайы ауыр. Бір науқас №1 қалалық ауруханаға жатқызылып отыр. Оның хал-жағдайы бірқалыпты.
Айта кетсек, апат болған үй 80-ші жылдары салынған. Жарылыстан 90 пәтерлік үйдің бір кіреберісіндегі 15 пәтер зардап шеккен. Әсіресе 1-ші, 2-ші және 3-ші қабатта жарылыс жойқын болып, бетон плиталар құлаған. Зардап шеккен тұрғындарға жақын маңдағы №47 мектепте ыстық тамақ ұйымдастырылып, уақытша баспанамен қамтылмақ.
Авторлары: Қырмызы Жексенбек, Бахытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә