Тағдыры қазақ елінде тоғысқан жандар алғыс айтты
«Тең мүмкіндіктер үшін қазақ халқына мың алғыс!». Бұл – өткен ғасырдың басында қазақ еліне жер аударылып, осы елде тамыр жайған өзге ұлт өкілдерінің бүгінгі ұрпағының пікірі. Сол қиын заманда кеңпейіл танытып, ас-суымен бөліскен елдің дамуы жолында қазір әрбір этнос өкілі әр салада еңбек етіп жүр.
«Көзімінің қарасы» деп әндетіп отырған Ахмет Алпсойдың ұлты – түрік. Оның отбасы қазақ еліне 1993 жылы келген. Үш балалы отбасы үшін егемендігін енді алған елде аяққа тұру қиын болды. Дегенмен жұртпен бірге бәрін жеңе білді. Қазақ халқының сол кездегі ыстық ықыласын Нұрдын ақсақал ешқашан ұмытқан емес.
Бала-шағасы осы елде оқып ер жетті. Үш баласы да бүгінде отбасын құрды. Қазір немере сүйіп отыр. Нұрдын Алпсой Қазақстанда донер кәсібінің негізін қалады. Үлкен ұлы Ахмет бүгінде кондитерлік салада кәсіп етеді. 70-тен астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Осындай жетісттіке жеткені үшін қазақ еліне алғысы шексіз.
Ахмет Алпсой, жас кәсіпкер:
- Ауырған кезде ауруханаға барып емделдік. Қолдарынан бар келетінін аямай, бізге көмектесті. Осындай жағдайды көрсетіп, қолын ашып, есігін ашып тұрған елге әрқашан да алғысын айтып тұру керек деп ойлаймын.
Марс Ким қуғын-сүргін жылдары Ақтөбенің Хромтауына жер аударылған. Жүк пойызымен аш-жалаңаш келген корейлерге жергілікті халық пана болып, ашаршылықтан аман сақтап қалды. Алғашында ол Қырғызстанда болса, жұбайы Ақтөбе облысындағы Бөгетсай ауылына келген. Білім алып, өмірілік жарымен Қазақстанда табысады.
Марс Ким, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Қазақтар балалардың аштықтан әбден әлсірегенін көріп, қолындағы барымен бөлісті. Тарыдан талқан жасап берді. Қой мен сиыр сүтіне үйретті. Сондықтан корей ұлтының қазақ халқына алғысы шексіз. Бізді туыстарындай қабылдаған қонақжай елге жетіп, аман қалғанымызға қуаныштымыз.
Солтүстік Кавказдағы кейбір ұлттар да қазақ жерінен пана тапты. Биыл сол забалаңға 75 жыл толды. Қызылордалық шешен этномәдени бірлестігі арнайы еске алу жиынын өткізді. Сыр еліне Юсуп Саидовтың ата-анасы 1944 жылы жер аударылған. Ол кезде әкесі 29 жаста, ал анасы 8 жаста болған. Қиын кезде баршаның баласын бауырына басып, барымен бөліскен қазақ еліне деген аталарының алғысын бүгінгі ұрпақтары ерен еңбекпен қайтаруға тырысып жүр.
Юсуп Саидов, облыстық шешен этномәдени бірлестігінің мүшесі:
- Жер аударып келе жатқан кезде бұл жерге ескертіп қойған. «Жаулар келе жатыр, қарамаңдар, көмектеспеңдер», – деп. Қазақ халқы кіргізген, асыраған, өздеріне қиын болса да бір отбасы болып түсірген. Біздің марқұм әкелеріміз көздерін жұмғанша қазақ халқына өзінің алғысын айтып жүрді. Себебі артынан келе жатқан ұрпақтары, жастары сол халықтың жақсылығын ұмытпау үшін.
Солтүстік Қазақстанға 1937 жылы 27 мыңға жуық поляк жер аударылған. Олардың басым бөлігі қазіргі Тайынша ауданына қоныстандырылды. Сол кезде 31 ауыл арнайы құрылды. Қазақ халқының пейілінің арқасында өсіп-өніп, әлі күнге дейін әдет-ғұрпын дәріптеп отыр.
Валентина Корнева, облыстық «Коперник» поляк этномәдени бірлестігінің мүшесі:
- Сол бір қиын кезеңде қазақ жұрты бізге үлкен қолдау көрсетті. Сол үшін біз үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Қазір біздің облыста 13 мыңнан астам поляк халқы тұрып жатыр. Дәстүрімізді дәріптеп, тілімізді үйренуге барлық жағдай жасалған. Тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз.
Алғыс белгісі – ақ шүберек. Осындай атаумен Қостанайда көрме өтті. Көрмеге зобалаң жылдары Қазақстанға жер аударылған түрлі ұлт өкілдерінің тұтынған бұйымдары мен құжат-жазбалары қойылды. Бұл – сол кезеңде қуғынға ұшыраған жандардың қилы тағдыры мен оларға пана болған қазақ халқының кең пейілдігінің куәсі. Қазақ отбасынан пана тапқандардың бірі – Берте Ситнер. Неміс қызы 1940 жылы жер аударылған. Сол кезде жас қыз қазақ халқының мейірімділігі мен дархандығына деген ризашылығын осы кестелерге бейнелеген.
Вячеслав Авдеев, музей меңгерушісі:
- Қостанай облысында 27,5 мың неміс ұлтының өкілдері тұрады. Олардың этнос ретінде Қазақстанда сақталып қалуы – қазақ халқының қамқорлығының арқасы. Сол кезде сегіз жасар Берте Ситнердің осы сөздерді кестелеп жазуы Қазақстанда пана тапқан барлық немістердің атынан айтылған алғыс деп қабылдаймыз.
Тағдыр талайына ұшырап, қазақ жерінен пана тапқан әрбір ұлттың ұрпағы қазір тарихтан тағылым алып отыр. Бүкіл елдің жасаған жақсылығының өтемі ретінде Қазақстанның өсіп-өркендеуіне үлестерін қосып келеді.
Авторлары: Олжас Керейхан, Нұрлан Жақыпбек, Мансұр Есқожин, Мағауия Қалиев, Самат Қайырденұлы