Хабар телеарнасы

Иран билігі қазақстандық кәсіпкерлерге жеңілдіктер жасайды

Экспортерлеріміздің өз өнімімен бұл елдің нарығына шығуы жеңілдетілмек. Осы мақсатта ирандық іскер қауым өкілдері Астанаға келіп, кәсіпорындарымыздың жұмысымен танысады.

Иран мен Қазақстан – түрлі салаларда бұрыннан бері тығыз қатынас орнатқан сенімді серіктестер. Жыл сайын байланысымыз нығайып келеді. Иранды ең алдымен еліміздің ауыл шаруашылығы мен пайдалы қазбаларын өндіру салалары қызықтырып отыр. Осы мақсатта кәсіпорындардың жұмысымен танысатын инспекциялық топтарды жібермек. Жылдан жылға ауа-райының кесірінен Иранда астық өнімділігі төмендеп келеді, сол себептен шетелдерден көмек іздеуге мәжбүр. Осы елдердің тізімінде Қазақстан алдыңғы орында тұр.

Мехди Захедиаваль, Иран сауда палатасының мүшесі:

- Бізді қызықтырып отырған басты сауал – Қазақстан ауыл шаруашылғының бүгінгі деңгейі. Су тапшылығы елімізге қатер төндіріп тұр. Астананың көмегімен ұзаққа созылған осы мәселені шешіп, қоймаларымызды астықпен толтырамыз деген ойдамын. Қазақстан Иранның ұзақ мерзімді серіктесіне айналатынына сенімдімін. Қос елдің сауда палаталары осы мақсатқа жету үшін бизнесмендерге көмектесуі керек.

Жақын арада Астанаға алғашқы инспекциялық комиссиялар келеді. Тегеран ауыл шаруашылығынан өзге еліміздің машина жасау саласы мен азық-түлік өнімдерін жеткізу бойынша ынтымақтастықты нығайтуды көздеп отыр.

Мохаммад Ватанпул, экономист:

- Иран геосаясат пен география тұрғысынан Қазақстанды басқа елдермен жалғай алатын көпір іспеттес. Иран арқылы тауар тасымалдау арзан әрі ыңғайлы болады. Теңіз бен теміржол арқылы да жеткізуге мүмкіндік бар. Транзиттік жүкке кеден салығы өзге елдермен салыстырғанда төмен болады. Бұл екі ел үшін де тиімді әрі қауіпсіз.

Өзге елдерге тауарларды экспорттау Қазақстан мен Иран арасындағы серіктестіктің басты бағыттарының бірі болатын түрі бар. Тегеран осы салада Астанаға барынша қолдау көрсетуге ниетті. Ал Қазақстан алдағы үш жылда экспортты дамытуға 500 млрд теңге бөледі. Сондай-ақ өнімін сыртқа шығаратын кәсіпорындарға тасымалдау шығындарын өтеу де қарастырылып отыр.

Авторлары: Юлия Гнатюк, Махмұд Махмұди