Әлеуметтік төлемдердің көлемі өседі
Бұл төлемдер 30% дейін көбеюі мүмкін. Осындай өзгерістер енгізілген «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заң жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі таныстырды.
Қазір сақтандыру қорынан мұндай әлеуметтік көмекті 124 мың қазақстандық алады. Бүгінде жұмыс берушілер әр қызметкер үшін осы қорға жалақының 3,5% төлеп жатса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5% артпақ.
Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мысалы жұмысынан айырылған азаматтардың жалақысы 100 мың теңге болса, қазір алатын жәрдемақы 18 мың теңге. Заң күшіне енсе, осы азаматтардың қордан алатын ақшасы көбейеді. 23 мың теңге болады. Егер 5 жылдан артық жұмыс істесеңіз, жалақыңыз 100 мыңнан асса, онда осы сома көбейеді.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары:
- Заң жобасымен біз әлеуметтік төлемдерді қарастырып отырмыз. Асыраушысынан, еңбек ету қабілетінен және жұмысынан айырылған жағдайда төленеді. Осы үш қатерден төлемдер 30% артады. Заң жобасы енді кіріп отыр. Егер Мәжіліс мақұлдап, Сенаттан өтіп, Елбасы қол қойса, жоба бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылады.