Brexit туралы келісімнің мәтіні өзгеруі мүмкін
Яғни Брюссель Лондонға ирландиялық шекараға қатысты даулы мәселе бойынша заңды кепілдік берді. Бұл туралы Страстбургте Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй мен Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер арасындағы келіссөз барысында белгілі болды.
Ұлыбританияның Одақтан ресми шығуына 17 күн қалды. Британиялық депутаттар екіжақты келісімнің мәтінін дауысқа салады. Бұған дейін парламент мүшелері құжатты қайтарып тастаған. Егер Тереза Мэй бұл жолы да сәтсіздікке ұшыраса, британиялықтар қатаң Brexit сценарийін қарастырады.
Жан-Клод Юнкер, Еуропалық комиссия төрағасы:
- Бұл құжат «бэкстопқа» қатысты заңды кепілдіктер мен түсіндірмелерден тұрады. Яғни Brexit-тен кейін Ирландия Республикасы мен Солтүстік Ирландия арасындағы шекараның айқындығын кепілдендіреді.
Тереза Мэй, Ұлыбритания премьер-министрі:
- Brexit туралы келісімді толықтыратын ортақ құжаттан бөлек Біріккен Корольдік біржақты декларацияны қабылдайды. Бұл құжат «бэкстоп» жүзеге асып, бірақ тараптардың болашақ қарым-қатынасы туралы келіссөздер тығырыққа тірелген жағдайда қажет болмақ.