Павлодарда білім саласын цифрландыру оң нәтиже беруде
Мәселен, сандық технологияларды білім беру ісінде қолдану да уақыт талабы. Былтыр Павлодарда «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында білім беруді автоматтандыруға 10-ға жуық жоба пилоттық режимде іске қосылған. Ал биыл бағдарлама нақты нәтиже берді. Қазір оның игілігін аймақтағы мектеп және балабақша ұжымдары, ата-аналар көріп отыр.
Былтыр өңірде осындай 52 заманауи мұғалім бөлмесі ашылған. Енді бума-бума қағаз, сынып журналын арқалап жүрген ұстазды көрмейміз. Білім беруге қажет бағдарламалар мен құралдардың барлығы біріктірілген және ғаламторда қолжетімді.
Жанар Жақсылықова, №16 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі:
- Білім беру бағдарламаларының барлығы сандық форматта істейді. Бұл жобаның арқасында ең бастысы, уақыт үнемдеп, ғылыми педагогикалық іспен айналысуға көп уақыт жұмсай бастадық.
Павлодар облысы білім беру үрдісіне жаңа цифрлық технологияларды енгізудің пилоттық алаңына айналды. Мәселен, «Электронды балабақша» бағдарламасы сәбилерді балабақшаға ғаламтор арқылы қабылдауға арналған.
Қуаныш Қыдыралин, қалалық білім беру бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Бұл жүйе арқылы енгізе алады, яғни балабақшаға кезекке қоя алады. Екіншіден, қандай балалар немесе тағы да қандай білім беру орындары бар екендігін көруге мүмкіндік бар. Бүгінгі күні 16 мыңнан астам тәрбиеленуші, яғни бала кезекке қойылды. Оның ішінде 66 балаға орын бөлінді.
Бүгінде бағдарлама қаланың 100 мекемесі үшін қолжетімді. Бұл жүйеге мемлекеттік мәліметтер базасы енгізілді.
Руслан Көпжасаров, бағдарлама әзірлеушісі:
- Мақсат – ашықтықты қамтамасыз ету, яғни әр ата-ана баласы үшін сапалы білім беру ұйымын таңдай алады. Нәтижесінде балабақшалар арасында адал бәсеке қалыптасады. Ата-аналар қағаз құжаттарды жинап сабылмайды. Бәрі оңай әрі тиімді.
Алдағы уақытта «Электронды балабақша» бағдарламасы облыстағы барлық мектепке дейінгі ұйымдарын қамтымақ. Ал заманауи мұғалімдер бөлмелері өңірдің барлық 350-ден астам мектебінде ашылмақ.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков