ҚР Президентінің өкілеттігі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтеді
Бұл туралы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті. Конституцияға сәйкес ҚР Президентінің өкілеттігі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтеді. Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті:
- Қазір Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Оны сіздер жақсы білесіздер. Ол Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі, ғылым докторы. Ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген. Басшылық лауазымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинады. Еліміздің сыртқы саясатының қалыптасу жылдарында Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрдің орынбасары және Премьер-Министр, Сенат Төрағасы болды. Елімізді, оның экономикасы мен саясатын жетік біледі.