Елбасы жастарға сенім білдіреді
Жастардың елімізді қорғап, оны нығайта түсетініне өздерінің бар білімі мен күш-қуатын Отанымызды өркендетуге жұмсайтынына сенімін білдірді.
90-шы жылдардағы ең күрделі кезеңде «Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандар даярлау ісі қолға алынды. Жаһанда дағдарыс жайлағанына қарамастан, Астанада әлемдік деңгейдегі университет ашып, зияткерлік мектептер салынды. Егемендікке ие болған жылдарда дүниеге келген жастарымыз мемлекет қамқорлығын бағалай біледі деп сенімін білдірді Нұрсұлтан Назарбаев. «Мен қазақстандықтардың қазір бақытты болғанын көргім келеді». Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының съезінде осылай деген еді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті:
- Nur Otan – толағай табыстың және болашаққа жол ашатын жарқын жетістіктердің партиясы. Біздің ұзақ мерзімді стратегиямыз, мол табиғи ресурсымыз, саяси ерік-жігеріміз бар. Мемлекеттің қуаттылығы экономиканың даму қарқынымен және тұрғындардың тұрмыс сапасымен өлшенеді. Сондықтан мен өзіме сенім артқан халқымның болашақта емес, қазір бақытты болғанын көргім келеді. Біздің ұстанымымыз – татулық пен тыныштық, ұранымыз – береке мен бірлік. Тәуелсіз Қазақстанның арқа сүйейтін тірегі – баянды бейбітшілік пен келелі келісім. Бас партия болу дегеніміз – басқару емес, елге адал қызмет ету. Біз – халық бірлігінің партиясымыз. Бүгінгі съез Қазақстанды дамытудың жаңа кезеңіне жол ашады. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына бауырымыз бүтін, аман-есен, мол табыспен жете берейік! Әрекет ететін кез келді, ағайын!