Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді
Ол саяси ұстазы Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім білдіргені үшін алғыс айтып, Елбасының саясаттағы сарабдал жолын жалғастыратынын жеткізді.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- 20 наурыз 2019 жыл. Бұл күн тәуелсіз Қазақстанның тарих беттерінде ерекше таңбамен жазылатыны анық. Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Президенттік өкілеттігін Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Ант беру рәсімі ҚР Парламенті Мәжілісінің ғимаратында өтті. Алдымен Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин сөз алып, шараны ашық деп жариялады. Содан кейін бірлескен отырыс өтіп жатқан залға құрметті қарауыл еліміздің туын, Конституциясын әкелді.
Содан соң Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша депутаттардың қошеметімен залға кіріп, жоғары орынға отырды. Толассыз жауған қошемет ұзаққа созылды. Бұл Елбасыға деген ерекше құрметті, қимастық сезімді білдірсе керек.
Осыдан кейін мінберге көтерілген Қасым-Жомарт Тоқаев оң қолын еліміздің Ата Заңына қойып тұрып, ант етті.
ҚР Орталық Сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев ҚР Конституциясының 48-бабына сәйкес Қасым-Жомарт Тоқаевқа Президент куәлігін, кеудеге тағатын белгісін және байрағын, «Алтын қыран» орденін тапсырды.
Ендігі Қазақстан Республикасының Президенті ретінде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсеткен сенімі үшін алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері Тұңғыш Президенттің қажырлы еңбегінің арқасы», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елбасы аса күрделі геосаяси жағдайда жаңа мемлекеттің іргесін қалады және оның көшін бастады. Көптеген теріс болжамдарға қарамастан мемлекетті барша әлем мойындаған табыстарға жеткізді. Дүние жүзі картасында қарқынды дау, демократия, келісім мен бейбіт өмірдің шынайы символына айналған мемлекет пайда болды. Елбасы Қазақстанның тарихында тұңғыш рет жаңа мемлекеттік институттардың негізін салды. Олардың қатарында Президенттік институтты, қос палаталы Парламент, Мемлекеттік қызмет, Қарулы күштер, дипломатиялық қызмет, сондай-ақ азаматтық қоғам институттары бар. 1995 жылы Ата Заңымыз қабылданды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін мәңгі есте қалдыру қажет деп есептейтінін айтып, ол үшін жиналғандарға бірнеше ұсыныс тастады. Соның бірі – Астананы Президенттің есімімен «Нұрсұлтан» деп атау.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мұндай ұсыныстар бұрын ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тұсында да парламентерийлермен, Парламент депуттарымен айтылған болатын. Бұдан бөлек біздің елордада Тұңғыш Президенттің құрметіне монумент орнатуды ұсынамын. Барлық облыстық қалалардың басты көшелерін Нұрсұлтан Назарбаев деп атау дұрыс деп деп есептеймін. Елбасыға біздің мемлекеттің ең жоғарғы атақтарына лайықты. «Халық қаһарманы», «Еңбек Ері» атағын беруді ұсынамын.
Сөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Сенаттың бұрынғы төрағасы ретінде Елбасыға құрметті сенатор мәртебесін беруді жөн санағанын айтты. Сонымен бірге Тұңғыш Президент түсірілген барлық сурет пен фото жариялы нысандардың, мемлекеттік қызметшілер кабинеттерінің, оқу орындары ғимараттарының міндетті атрибуты ретінде қалатынын жеткізді де, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беріп, «Алтын жұлдыз» орденін табыстады.
Алдымызда ел болашағы үшін атқарылатын ауқымды әрі күрделі жұмыстар күтіп тұр. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев Президент өкілеттігін атқаруға кірісті.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Әлібек Әлиев