Елбасы Теміртау қаласын назардан қалдырған емес
Әсіресе мыңдаған адам еңбек ететін металлургиялық комбинаттың жұмысы Елбасының тікелей бақылауында болды. 30 жылда қаншама әлеуметтік нысан салынды. Қала көркейіп, халықтың тұрмысы жақсарды. Бұл – бірінші кезекте Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан еңбегі. «Шар болаттай шыныққан, саяси тұлға ретінде қалыптасқан құрышты қалаға ол үнемі қамқорлық танытып жүреді», – дейді металлургтер.
Сонау 90-шы жылдардағы тоқырау кезеңде Теміртаудағы металлургиялық комбинаттың жұмысы тұралап, мыңдаған адамның жұмыссыз қалу қаупі туды. Әлеуметтік жағдай өте ауыр еді. Бірақ Елбасы өзі негізін қалаған алпауыт кәсіпорынның жабылуына жол берген жоқ. Бар күш-жігерін жұмсап, аз уақытта өндірістің тамырына қайта қан жүгіртті. Мұны осындағы металлургтер ешқашан ұмытпайды.
Мұрат Қойшыбаев, металлург:
- Тәуелсіздік алғаннан кейін, 90-шы жылдары комбинатымызда өте қиын кезең болған. Сол кезде біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев комбинатты өзі жеке қарап, көмектесіп, инвестор тауып, аман алып қалды. Осы жазда келген кезде осы 2-ші пешке келіп, көрікшілермен сөйлесіп, хал-жағдайды сұрап, жалақымыз туралы сұрап, соның бәріне өзі көңіл бөлді.
Әлібек Алпысбаев, металлург:
- Қимаймыз. Елбасымыз әрқашан бізбен бірге. Ол кісіні өте жақсы көреміз, сыйлаймыз. Ол кісіге тек қана жақсылық тілейміз! Еңбегі әрқашан жана берсін! Ең басты мақсат – Елбасы қойған мақсатқа жетіп, 30 дамыған елдің қатарына кіру.
Елбасының құрышты қаланың көркеюіне сіңірген ерен еңбегін бірге оқыған замандастары да зор тебіреніспен еске алады. Нұрсұлтан Назарбаев Президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдегенде тіпті көз жасына ерік берген. «Біздің осы жылдардағы ең басты жемісіміз, жеңісіміз – елдің тыныштығы, балаларымыздың баянды болашағы», – дейді ұлт көшбасшысының курстасы Қуаныш Омашев.
Қуаныш Омашев, Теміртау қаласының тұрғыны:
- Қаланың көркеюі Нұрсұлтан Назарбаевқа тікелей байланысты. Комбинаттың көркеюі, оның жұмыс атқаруы. Ол осы жерде шыңдалды, осы жерде өсті. Кейін Астананы салуы, Қазақстанның көркеюі, Қазақстанның алдыңғы қатарлы елдің қатарына қосылуы, Қазақстанды барлық жер жүзі тануы сол кісінің арқасы.
Елбасы Теміртау шаһарын үнемі назардан қалдырған емес. Былтыр күзде мемлекет басшысы ретінде өңірге жасаған соңғы сапарында да құрышты қаланың қордаланған көптеген әлеуметтік мәселелерін түбегейлі шешіп берді. Мәселен, биыл жылу энергия орталығында қосымша 7-ші қазандық салынады. Сондай-ақ емхана, балабақша, спорт кешенінің құрылысы басталмақ. Сондықтан мұндағы халықтың Ұлт көшбасшысына деген ықыласы ерекше.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Әсет Асайынов