ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына салтанатты түрде ант берді
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елбасының саяси мұрасын жадымыздан шығармай, қадір тұтып, тарихи еңбегіне лайықты құрмет көрсетуіміз керек», – деді. Парламент палаталарының отырысында нақты ұсыныстар айтылды.
Бұл – тарихи күн. Рәсімнің талаптарына сай әуелі Мемлекеттік ту тұғырына қондырылды, Конституцияны ортаға алып шықты.
Елдің негізін қалаған, береке-бірлікке бастаған, шекарасын шегендеп, сыртқы жұртпен байланысты бекемдеген, Астана салып, қазақтың атын төрткүл дүниеге әйгілі еткен Елбасына деген керемет құрметті, риясыз ризашылықты толассыз шапалақтан аңғаруға болады.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық Кеңес мүшелерінің, Жоғарғы Сот судьяларының және Тұңғыш Президент – Елбасының, сонымен қатар Үкімет мүшелерінің қатысуымен Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді.
Ата Заңға сәйкес Мемлекет басшысы өкілеттігін өз еркімен тоқтатқан жағдайда, 48-баптың 1-тармағына сәйкес Президент өкілеттігі қалған мерзімге Парламент Сенатының төрағасына көшеді. Осылайша Қасым-Жомарт Тоқаев ант берген сәтінен бастап Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Аса қадірлі Елбасы! Құрметті Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері! Қымбатты отандастар! Кеше, 19 наурызда, бүкіл әлем жұртшылығы аса маңызды тарихи оқиғаға куә болды. Қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған Ұлы тұлға, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз еркімен Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатты. Елбасының бұл маңызды шешімі оның жаһандық деңгейде және тарихи ауқымда танылған саяси қайраткер ретіндегі ұлылығын көрсетті.
«Біз барлық жетістіктерімізге, ең алдымен Қазақстан Республикасының қастерлі Тәуелсіздігіне Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазір Қазақстанды әлем мойындайды. Бейбітшілік пен келісімнің мекені ретінде таниды, құрметтейді. Тәуелсіздік алғалы бері Президент институты қалыптасты, қос палаталы Парламент жұмыс істейді. Қарулы күштер нығайып, дипломатиялық қызмет дамыды. «Конституцияға енгізілген мазмұнды өзгертулер бас құжатымызға шын мәнінде демократиялық сипат берді», – деп атап өтті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елбасының басшылығымен Қазақстанда экономиканы жаңғыртуға бағытталған реформалар жоспарлы түрде жүзеге асырылды. Сонымен қатар мемлекеттің саяси жүйесінде елеулі өзгерістер болды. Құрылымдық реформалар мемлекет дамуының басты қозғаушы күшіне айналды. Елбасының жанында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен адам ретінде нық сеніммен айтарым: Президент өзінің еңбек жолын биік мақсатқа – халқымыздың әл-ауқатын арттыруға арнаған бірден-бір тұлға болып саналады.
Қазір Нұрсұлтан Назарбаевты былайғы көрнекті реформатор әрі әлемдік деңгейдегі ірі саясаткер деп таниды, құрметтейді. Қазақстан әлемнің озық деген елу елінің қатарынан көрінді. «Елбасының экономикалық және саяси реформалары көреген мемлекеттік саясаттың нышанына айналды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. «Қазақстан жолы» немесе «Қазақстан моделі» деген сипаттамалар – соның айғағы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нарықтық экономикасы бар қуатты мемлекет құру ісіне білек сыбана кірісті. Қиындыққа толы осы жолда ол теңдессіз табыстарға қол жеткізді. Елбасының әр Жолдауында, әсіресе 2018 жылдың наурыз және қазан айларындағы жолдауларында, сондай-ақ Nur Otan партиясының ХVIII съезінде сөйлеген сөзінде ел мүддесін көздеген шынайы жанашырлық көрініс тапты.
«Біз қазіргі және келешек ұрпақ өкілдері Елбасының саяси мұрасын жадымыздан шығармай, қадір тұтып, тарихи еңбегіне лайықты құрмет көрсетуіміз қажет. Бұл халқымызды, әсіресе жастарды тарихқа құрметпен қарауға тәрбиелеп, Елбасының даңқты қызметін әділ бағалау үшін маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы тұста Президент нақты ұсыныстар айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Считаю необходимым увековечить имя нашего великого современника, Первого Президента Республики Казахстан Нурсултана Абишевича Назарбаева следующим образом. Наша столица должна носить его имя и называться Нур-Султан.
Айта кетейік, бұл ұсыныс бұған дейін де арагідік айтылып жүрді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған декларацияда депутаттар Елбасы есімін елорданың атауында көрсету мәселесін көтерген болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Воздвигнуть монумент в честь Первого Президента Республики Казахстан в столице нашего государства. Назвать центральные улицы всех областных городов именем Нурсултана Абишевича Назарбаева. Думаю все согласятся, что Елбасы достоин награждения высшими званиями нашего государства – Халық қаһарманы и Еңбек Ері.
Сонымен қатар Елбасына Құрметті сенатор мәртебесі беріледі. Тұңғыш Президенттің барлық суреті көпшілік орындарда, мемлекеттік қызметшілердің кабинеттерінде, оқу ордаларында міндетті атрибут ретінде тұрады. Заңдарға сәйкес Нұрсұлтан Назарбаев өмір бойы қамтамасыз етіледі. Қызметтік инфрақұрылымның барлығы қалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгін, осы жоғары мінберден өзімнің саяси ұстазым Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа әлемдік дамудың күрделі кезеңінде Ел Президенті ретінде мемлекетті басқаруыма зор сенім артқаны үшін шын жүректен Алғыс айтамын. Полностью осознавая весь масштаб ответственности предстоящей миссии, планирую направить свои знания и опыт на всемерное обеспечение преемственности стратегического курса Елбасы.
Тәуелсіз Қазақстанды орнатуға қосқан үлесі, экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық дамуға, қоғамды топтастыруға сіңірген аса зор еңбегі үшін Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Алтын жұлдыз» ордені тапсырылып, «Халық қаһарманы» атағы берілді. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымындағы бірінші шешімі болды.
Дархан Әбдуахит, тілші:
- Қырық минутқа созылған рәсімнің әсерін сөзбен жеткізіп айту мүмкін емес. Тұтас залда Елбасына деген құрмет пен ықыластың ерекше лебі есіп тұрды. «Алдағы асулар асқақ. Күрделі жұмыстар көп. Сол міндеттерді орындауға келгенде адал қызмет атқарамын», – деді Қазақстанның жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Авторлары: Дархан Әбдуахит, Еділ Ермекбаев