Елбасының өкілеттігі туралы депутаттар ой толғады
Тарих деген тәбәріктің бізге деген тартуы аз болған жоқ, асығымыз алшысынан түсіп, атағымыз атырапқа тарады. Бұл – дұрыс бағдардың, білікті басқарудың жемісі.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ә» дегеннен-ақ батыл шешімдер қабылдады. Сол кезде кейбіреулер күдікпен қараған шешімдер уақыт өте келе тұтас халықтың игілігіне айналды. Кез келген саясаткерге беріле бермейтін «көрегендік» деген қасиет осы болар.
Артта бодан, алда тұман. Тәуелсіздіктің алғашқы таңдары шынымен ауыр уақыт еді. Тұралаған экономика, қалжыраған өндіріс. Елдің еңсесін көтеру үшін әуелі сенім, сосын еңбек керек еді. Сол селкеусіз сенім мен қисапсыз еңбек Елбасының бойынан табылды. Нұрсұлтан Назарбаев ештеңеге қарайламастан экономикалық, саяси һәм әлеуметтік реформалар жүргізді. Соның арқасында айналдырған 20 жылдың төңірегінде Қазақстан өзгелер қызыға қарайтын, елітетін елге айналды. Сондықтан Елбасының шешімін қазақстандықтардың қимастықпен қабылдағанын түсінуге әбден болады.
Мәулен Әшімбаев, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:
- Елбасымыз қашан да Ұлт көшбасшысы болып қала береді. Елбасымыз Қазақстанды Одақтан тәуелсіз, дамыған мемлекеттермен терезесі тең, халықаралық деңгейде абыройлы мемлекетке айналдыруға зор еңбек сіңірді.
Бейбіт Мамраев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мен Елбасының мұндай шешімін күтпедім. Бірден қабылдадым деп айта алмаймын. Себебі бұл маған да, сіздерге де, жалпы халыққа да түрлі сезім тудырған хабарлама болды. Сондықтан қазір бізде абдырауға ешқандай күмән жоқ. Елбасы өзі түсіндіріп берді. Қазақстан егеменді мемлекет болып қалыптасты. Қазақстан халықаралық әлемде өзінің орнын нық бекітті. Қазақстанмен бүгін санасады. Қазақстанда бүгін ішкі жағдай да жоғары деңгейде болу керек.
30 жылда атқарылған орасан істердің орайын айтып тауысу мүмкін емес те шығар. Семей полигонының жабылуы, Ассамблеяның құрылуы, Астананың бой түзеуі, елде өткен халықаралық шаралардан есеп жаңылады. Осы жылдарда Елбасының тікелей басшылығымен индустриалды-инновациялық даму стратегиясы әзірленді, инвестициялық және инновациялық қорлар құрылды. Дүниежүзілік сарапшылар арасында «Қазақстандық үлгі», «Назарбаев моделі» деген ұғымдар пайда болды.
Бақтияр Мәкен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осыдан 15 жыл бұрын Елбасымен кездескен кезде ол кісі жақсы бір сөз айтқан. «Мен сендердің қара көздеріңе қарап, елдің болашағына сенемін», –деген. Расында қазір мен де, мен сияқты әріптестерім де, Қазақстандағы көптеген жастар қазір мемлекеттік қызметте. Ел, халық үшін жұмыс атқарып жатыр. Өсіп-өніп, жасап жатыр. Әрі қарай оны дамытуға да үміттенеді. Сондықтан да Елбасының жастарға деген сенімін ақтау үшін біз ел болып, халық болып, бірігіп, тағы да Елбасымен бірге еліміздің қалыптасуына, әрі қарай дамуына бірге еңбек етеміз деп айтқым келеді.
Бақытгүл Хаменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Елбасы осы даңғыл, түзу жолды салып берді. Ол сүрінетіндей, жығылатындай, өзге келіп жығылдыратындай жол емес. Сондықтан осы Елбасының салған даңғыл жолын ел болып бірігіп, ары қайрай жалғастыру Сіз бен біздің парымыз деп білемін.
Тарихты түгендедік, бүгінді бекемдедік, ертеңге бағдар түздік. Ендігі мақсат – сол сүрлеуден сүрінбеу, жасампаз жолдан жаңылмау.
Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ендігі біздің мақсатымыз – Елбасының таңдаған жолымен түзу жүру.
Алексей Бородавкин, РФ елшісі:
- Экономикалық гүлдену, әлеуметтік әділдік, әлемдік әрі одақтық қатынастардың жақындасуы, Қазақстан мен Ресей арасындағы интеграциялық байланыстардың беки түсуі. 30 жыл бойы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізген саяси бағдардан Қасым-Жомарт Тоқаев та ауытқып кетпейді деп сенемін.
Уақыт өтеді, әлем өзгереді, жаңа буын келеді. Олар өз заманының мәселелерін шешеді. Қай заман, қай буын болсын, қазақтың қамын жесе, қамқорлығына бөлесе, ұлт үшін одан артық ештеңе керек те емес.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Еділ Ермекбаев, Әлібек Әлиев