Хабар телеарнасы

Алматылықтар шаһардың дамуын тікелей Елбасы атымен байланыстырады

Бұрыңғы астана Алматы қаласында ел үшін маңызды шешімдерге қол қойылып, Ата Заңымыз Конституция да бекіді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қаруды жабу, БҰҰ мүшелігіне кіру туралы шешімдерін де сол жылдардағы астана Алматыда қабылдады. Алматылықтар шаһардың дамуын тікелей Елбасы атымен байланыстырады.

Бұл – 1989 жылы тәуелсіздік табалдырығын аттағалы тұрған республиканың басшылығына келген Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа ант беруі. 1990 жылдың 25 қазанында Алматыда Қазақстанның егемендігі туралы декларацияға қол қойылса, араға жыл салып, 16 желтоқсанда республика өз тәуелсіздігін жариялады. Президенттің 1991 жылғы Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімі де әсем қала Алматыда қабылданды. Ал 1993 жылдың 15 қарашасында ұлттық валюта теңге басылып, айналымға шықты. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздікке қол жеткен соң Қазақстан халқының саяси-экономикалық, әлеуметтік, тіпті рухани дамуына қатысты маңызды құжаттарды бекітті.

Мұрат Жұрынов, ҚР ҰҒА президенті:

- Мені Қарағандыдан шақырып алып, Түркістан университетіне жіберді. Ондағы негізгі мақсат: Қазақстан түркі әлемінің қара шаңырағы болып қалу керек. «Сенің қолыңнан келеді, тақыр жерден болса да құру керек», – деді. Өйткені Түркістан бізге керек. Түркістан – біздің рухани астанамыз. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен саяси жеңісі болды.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сыртқы саясаттағы тағы бір жеңісі – 1992 жылы БҰҰ-да тәуелсіз Қазақстан Республикасы атынан сөз алуы. Кейін халықаралық ұйым мінберінен Нұрсұлтан Назарбаев талай әлемдік мәселелерді де көтерді.

Ақмарал Арыстанбекова, Мемлекет қайраткері:

- БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен Қазақстан Президентінің алғашқы сөзі әлі есімде. Ол зор сеніммен Қазақстан Республикасын таныстырып, оның әлемдік аренада алар орны туралы нық сөйледі. Сондай-ақ сол жиында Нұрсұлтан Назарбаев Азия, тіпті Еуразиядағы қауіпсіздік мәселелеріне кеңінен тоқталып, Азиядағы ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес құру туралы ұсынысын айтты.

Нұрсұлтан Әбішұлы қабылдаған осындай стратегиялық, батыл шешімдер арқылы қазақ елін бүгінде әлем таниды. Ал астана деген мәртебесін Астана қаласына бергенімен Алматы ұтылмады. Таудың бөктерінде, білім-ғылым және руханияттың қаласы болып қалған мегаполис тұрғындары Тұңғыш Президентке өз пікірлерін білдірді.

Блиц:

- Елбасының Қазақстанның тәуелсіздігі үшін қосқан үлесі өте зор деп ойлаймын. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде ел басында тұрды. Халықтың бірлігін, ынтымағын сақтап қалуға бар күшін салып, осындай күнге жеткізді.

- Осы жылдар арасында біраз жақсылықты жасады. Шүкір. Ол кісі бізге сыйлы болып, ұлттық лидер болып есте қалады.

«Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы қабылдаған маңызды шешімдер 2 млн-ға жуық тұрғыны бар мегаполистің экономикалық, әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына өзінің оң септігін тиігізіп келеді», – дейді алматылықтар.

Авторлары: Алуа Маханбет, Нұрдәулет Жақсыбай