Қазақстандықтар Астана атауының Нұр-Сұлтан деп өзгертілуін құптайды
Алайда дәулеті тасып, сәулеті асқан айбарлы Астана бүгінде тамсандырады. Бір сәт өткенге көз жүгіртіп, тарих беттерін парақтасақ. Ширек ғасыр бұрын жалпы Целиноград тұрғындарының саны 300 мыңға жетпейтін. Қазір 3,5 есеге артты. Халық оң жағалауда ғана қоныстанды. Сол жағалау құлазыған сары дала еді. Есілдің жағасынан бой көтерген бас қала – Елбасының төл туындысы. Сондықтан Астанаға «Нұр-Сұлтан» атауын беруді халық бірауыздан құптар отыр.
Таңат Сүгірбаев, әдебиет қайраткері:
- Бүгінгі күні Астана қаласының қандай көркем, қандай сәулетті екенін дүниежүзі мойындап отыр. Міне, соның архитекторы да, сәулетшісі де Нұрсұлтан Әбішұлы болады. Сондықтан да Парламенттің шешімі өте дұрыс.
Жарас Сәрсек, ақын:
- Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – қазақ үшін ғана емес, әлемдік саясаттағы дара тұлғаның бірі. Жалпы мұндай құрмет көрсету, ілтипат білдіру қазіргі өмір сүріп жатқан қазақ халқы үшін ғана емес, келешек ұрпақ үшін керек.
Бас қаланың шырайын келтірген, халық арасында түрлі атауға ие болған бірегей ғимараттар жетерлік. Ақорда, Ханшатыр, Бәйтерек, Астана Опера театры, Қазақстанның ұлттық мұражайы, Бейбітшілік және келісім сарайы – Астананың басты символы. Әрі әлем жұртын мойындатқан сәулет туындылары.
- Бүгінде Астана қаласын, Елордамызды, Астанамызды барлық әлем біледі және де Елбасымыздың оған сіңірген еңбегі де зор.
- Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атына ауыстырғаны бізге ұнап тұр. Немерелеріміз бәрі де Нұрсұлтан Назарбаевты біледі.
- Өз ойым, бұл шешімді қабылдаймын. Себебі Елбасымыз 30 жылдың ішінде халқымыз үшін ерен еңбегі сіңген болатын.
Иә, Тұңғыш Президенттің ел дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. 30 жылда Нұрсұлтан Назарбаев уақыттың шеңберіне сыймайтын істерді тындырып, іскерлік танытты. Сондықтан «Елбасы – кез келген құрметке лайық», – дейді халық.
Ақгүл Жөкетаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Астана – әлемді мойындатқан сәулет өнері бар және онда ғылым мен білімнің биік ошықтары орналасқан қала. Тарихи жолды салып өткен Елбасымыздың Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі зор деп білемін. Астанамызды Нұр-Сұлтан есімімен атауымыздың ешқандай айыбы жоқ.
Жұпар Қожахмет, Қостанай жастар орталығының ақпараттық сектор жетекшісі:
- Елордамыз Астанаға Нұрсұлтан атауының берілуімен, оның даму саясаты және өркендеу саясаты бұрынғы қалпында жүргізіледі деген сенімдемін.
Қалаларға оның негізін қалаған адамдардың есімін беру мысалдары әлемде жиі кездеседі. Мәселен, АҚШ-тың Колумбия округы Американың тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның құрметіне Вашингтон деп аталған. Жаңа Зеландия Астанасына Артур Уэлсли Веллингтонның есімі берілді. Ал Санкт-Петербордың атауы бірінші Петрдің есімімен байланысты. Біздің Елордамыздың атауы да қалыптасқан үрдіспен «Нұр-Сұлтан» деп өзгертілді. Бас қаламыз тарих үшін қас-қағым сәт саналатын 21 жылда көз іліспес жылдамдықпен әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарастырып, төрткүл дүниені түгел тамсандырған тарихи құбылысқа айналғаны белгілі. Бұл Елбасының елі үшін жасаған ерлігінің бір парасы ғана. Сондықтан Астананың Нұр-Сұлтан деп аталуы заңды құбылыс.
Авторы: Гүлмайра Қуатбайқызы