Лондонда Наурыз мерекесі дүркіретіп тойланды
Лондонда Наурыз мерекесі дүркіретіп тойланды. Мерекелік шараға келген британиялықтар ұлттық тағамдарымыздан дәм татып, әдет-ғұрпымызбен танысты.
Жиһаздары мен бұйымдары түгенделген ұлттық киіз үйіміз Лондон орталығында. Көшпенділер тұрағын бұл жерге жергілікті компания алып келді. Басшылығының айтуынша, қазақтың киіз үйі британиялықтар арасында зор сұранысқа ие және жалға жиі алынады. Бұл олардың Ұлы дала елінің мәдениетін танып-білуге деген құштарлығы іспеттес.
Томас Элсфара, қала тұрғыны:
- Менің ойымша, өз дәстүріңді Лондонның барша тұрғындарына көрсеткен өте маңызды. Өйткені мұнда мәдениет әралуындылығы ерекше дәріптеледі.
Тұсаукесер дәстүрі де британиялықтар үшін үлкен жаңалық болды. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов ата-ана өтінішімен сәбидің тұсауын кесіп, алдағы өміріне ақ жол тіледі.
Ал сахнада Атыраудан келген «Мұрагер» фольклорлық ансамблі өнер көрсетіп жатты. Музыканттар британдықтармен көшпенділер өркениетінің рухани-мәдени энергетикасымен бөлісу үшін арнайы Лондонға ат басын бұрған. Олардың репертуарында ұлттық әндермен қатар заманауи авторлардың шығармалары да бар.
Саламат Сабыр, Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы
- Ұлттық өнерімізді Наурызды тойлайтын бүкіл мұсылман халықтарының, шығыс халықтарының атынан Тұманды Альбионда жарқыратып, өзіміздің дәстүрімізді, мәдениетімізді көрсетіп жатырмыз.
Қазақстандық шеберлердің қолөнер бұйымдары, еліміз туралы жазылған кітаптар да қонақтардың көңілін баурады. Сондай-ақ олар қазақтың ұлттық тағамдарынан ауыз тиді. Саудадан түскен қаражат Орталық Азия елдеріндегі қайырымдылық жобаларына бағытталатын болады. Оныншы жыл қатарынан өткізіліп жатқан орталықазиялық көктем фестиваліне Қазақстаннан бөлек Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркия елдерінің өкілдері де қатысты.
Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы, Бейбіт Мәдиұлы