Аграрлық өнеркәсіптік кешенді реттеуге қатысты заң жобасы мақұлданды
Үкімет қаулысы әлдеқашан бекітілген, бірақ аграрийлердің жеңілдікке қол жеткізе алмай отырғаны Мәжілістің жалпы отырысында талқыланды. Аграрлық өнеркәсіптік кешенді реттеуге қатысты заң жобасын қараған депутаттар саладағы келеңсіздіктердің басын ашты.
Депутаттар нағыз өзекті тақырыпты талқылады. Агроөнеркәсіптік кешенді реттеуге қатысты заң жобасы ұзақ қаралды. Себебі түйіні шешілмеген мәселе көп. Мәселен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен жылдың күзінде Елбасы тапсырған жоба әлі жүзеге асырылмаған.
Роман Ким, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Елбасы тапсырған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы өндірісті молайтуға ғана емес, ауылдықтардың тұрмысын толық жақсартуға бағытталған. 2019-2021 жылдары бұл мақсатқа 90 млрд теңге, жол құрылысына 160 млрд, ауылдықтарды ауызсумен қамтамасыз етуге 100 млрд теңге бөлінді. Осы маңызды жобаны орындау неге кешіктіріліп отыр?
Ермек Алпысов, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары:
- «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы апта соңына дейін бекітіледі. Болашағы бар деген 1 800-ге жуық ауылдардың тізімі жасалды. Биыл құны 30 млрд теңге болатын 500 жоба іске асырылады. Қазір Әділет министрлігінің тіркеуінде жатқан аймақтық стандарттар бар. Әкімдер сонымен жұмыс істейді.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Қаражат бар, әкімдер орындауға әзір, соған қарамастан жобаны жарты жылға кешіктіру – жауапсыздық», – деп министрлікке сын айтты. Спикер Ауыл шаруашылығы министріне мәселені басынан аяқ қадағалауды ұсынды. Жалпы отырыста субсидия ала алмай отырған шаруалардың мәселесі де көтерілді. Аграрлық өнеркәсіптік кешенді субсидиялау бағдарламасына 255 млрд теңге қаражат жұмсалуы тиіс болған, бірақ іс жүзінде ол ақша игерілмеген.
Шакир Хахазов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Үкімет қаулысымен субсидия көлемі де, оны беру тәртібі де бекітіліп қойған. Ауыл шаруашылығы субсидияларын әкімдік бөлу керек. Бірақ Алматы облысы 5 млрд теңге, Ақтөбе облысы 2,3 млрд теңге, ал шығыста 5,3 млрд теңге субсидия берілмеген. Жалпы мал шаруашылығы бойынша 20 млрд берешек бар. Осыны кім бақылап отыр?
Ермек Алпысов, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары:
- Біздің министрлік тек бюджеттік өтініштерді қарайды, ал қаражат бөлу Қаржы министрлігінің еншісінде.
Ал Қаржы министрлігі: «Мәселені Ауыл шаруашылығы ведомствосы шешсін», – деген уәж айтып көрді.
Татьяна Савельева, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:
- Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердегі әкімдіктермен жүйелі жұмыс жүргізуі тиіс. Орталық пен облыстар бір-бірімен дұрыс байланыс орната алмай отыр. Бюджеттік заңнама бойынша өңірлер өз шығындарын өздері белгілей алады.
Аққу, шортан һәм шаянның кері. «Шаруаларды алдаудың қажеті жоқ», - деген Мәжіліс Төрағасы осы ретте үш министрлік бірлесіп, субсидия бөлу мәселесін шешуді тапсырды.
Айта кетейік, мақұлданған заң жобасы бойынша зиянкестерді дәрілеу, карантиндік жұмыстар мемлекет қадағалауында болмақ. Пестицид алуға субсидия қарастырылған. Депутаттар кедендік бақылау пунктерінде арнайы сараптамалық зертхана жұмыс істеуі тиістігін де ескертті.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Әлібек Әлиев