Отандық аниматор, жазушылар мен сценаристер латын графикасымен бағдарлама жасауға кірісті
Отандық аниматор, жазушылар мен сценаристер мұның бәрін латын графикасымен жасауға кірісті. Мақсат – жас буынның жаңа әліппені оңай әрі тез қабылдауына жағдай жасау. Оны қайдан аламыз және қашан көреміз?
Жоспар бойынша келер жылы дайындық сыныбына баратын бүлдіршіндер латын графикасымен оқи бастайды. Алдын ала қамдану сол кездегі сұранысты сапалы материалдармен жабуға мүмкіндік береді. Бұл – сондай типографиялық ұжымның бірі. Білім саласына қажетті оқулықтар шығарып жүргеніне 30 жыл болыпты. Өз бастамаларымен бұған дейін жасаған еңбектерін жетілдіріп, латын графикасындағы нұсқасын ұсынуға ниетті.
Айгүл Ыстыбаева, баспа директорының орынбасары:
- Ол – тәрбиешіге арналған әдістемелік құрал. Онымен қоса балаларға арналған көрнекіліктер де бар. Сондай-ақ жұмыс дәптерлері әзірленеді. Тек қана оқу әдістемелік құралдармен шектелмейміз. Балаларға арналған мультфильмдер де даярлаймыз.
Байқаған боларсыздар, қазақтың төл әріптері осылайша жеке-жеке түсіндіріледі. Туынды ертегі түрінде баяндалып, ұлттық әуенмен сүйемелденеді. Негізінен үш және одан жоғары жастағы балаларға арналған.
Қайырғали Қасым, режиссер мультипликатор:
- Мультипликация деген ол жыбырлату емес, мультипликат – адамға жан беру. Біздің жасаған әліппеміз керісінше өзінің кім екенін, қай заманнан, қай ғасырдан келе жатқанын, балалық мінез-құлқын қалыптастырады.
Людмила Кирилинская, баспа директоры:
- Телебағдарлама жасауды да жоспарлаудамыз. Оның ішінде ересек адамдар кейіпкер болып ойнайды да көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап береді. Сондай-ақ керісінше жүргізуші хабарласқан адамдарға да тапсырма жүктейді. Үнемі өзара байланыс жасалынады.
Бұл жобаның қай-қайсысы да мемлекет тапсырысымен емес, шығармашылық топтың өз бастамасымен қолға алынған. Егер арнайы комиссия қарауынан өтсе ғана жалпы қолданысқа шығарылады. Міне сол еңбектерді жас ұрпақ оқып, сауат ашады.
Айта кетейік, жоспар бойынша латын графикасын мектептерде оқыту 2020 жылдан басталады. Алдымен дайындық сынып, араға жыл салып одан жоғарылары қосылып отырады. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды даярлауда да осы реттілік сақталады.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Зейін Оразғалиқызы, Самат Курбиев