Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жерлестерімен жүздесті
Кездесуге 3 мыңнан астам ауыл тұрғыны жиналды. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өкілеттігін уақытынан бұрын тоқтатуға байланысты пікір білдірді. «Стратегиялық мәселелерге көңіл бөлу үшін осылай шештім. Орныма келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев менің үмітімді ақтайды деп сенемін», – деді Елбасы.
Әбіш ақсақалдың тұла бойы тұңғыш перзенті, Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туған жерін ерекше құрметтейді. Осы өлкедегі ағайын жұрт таудан ұшқан тастүлегін одан бетер ардақтайды. Арда туған ұлға ерекше ықыласты Үшқоңырдан ескен самалдың өзі аңғартып тұрғандай көрінді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- 1958 жылы осы Шамалғаннан шетке кетіп, 20 жылдан кейін Алматыға қайтып келдім. Содан бері 40 жыл Қазақстанның басшылығында қызмет істедім. Осында туып-өстім. Ата-бабамның барлығы осы Алатаудың баурайында өскен. Жора жолдастарым, сыныптастарым, ағайын-туған, жекжат-жұрағат, барлығы Шамалғанда. Жастар әлі білмейді. Уақыты, жас келіп, ауылыма келгенде көзіме жас толады. Жастық шағым есіме түседі. Мемлекетімізді аяғына нық тұрғызу үшін қанша қиын-қыстау кезеңнен өттім. Сонда шаршаған кезде Шамалғанның көшелерін, таудың саясында әкеммен жүргенім есіме түскенде барлық шаршағаным, ренжігенім кететін.
Бұл сапар – туған топыраққа бір аунап, өсіп-өнген өлкенің саф ауасымен тыныстау ғана емес, ең бастысы өскелең ұрпаққа өнеге. Бұл істе де Елбасы үлгі көрсетті. Өйкені туған жердің қадірін біліп, ардақтаған азамат тұтас елді де шексіз сүйе алады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Қазақстан басқалармен салыстырғанда онша үлкен ел емес. Мына жағында алып Қытай, мына жағында алып Ресей жатыр. Ислам мемлекеттері оңтүстігімізде. Олардың арасында біз 18 миллион халықпен жеріміз кең болса да, үлкен мемлекетпіз деп айта алмаймыз. Бірақ дұрыс жүргізілген саясаттың арқасында барлық жұрт сыйлайтын болды. Біз ағайынаралық татуластыру мәселесіне кірістік. Қазақстаннан кейін Арқа төсінде елорданы салдық. Сол қала дүние жүзіне белгілі болды. Мұнда дүниежүзілік саммиттер өтіп, атағы шығып жатыр
Әр адамның кіндік кескен жері болады. Ол – бірінші Отаның. Сол арқылы үлкен Отанды сүйіп, патриот болады. Жерлестерімен жүздесуде Елбасы осыны айтты. Қазір Қазақстан әлемге әйгілі. «Соның бәрі елдің өркендеуі, мемлекет дәрежесінің көтерілуі», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Өздеріңіз білесіздер, мен жақында шешім қабылдап, басқа жұмысқа ауыстым. Себебі әр ұрпақтың өзінің уақыты бар, істейтін жұмысы бар. Бірақ мен Елбасы ретінде биліктің ең жоғарғы сатысына келіп, одан әрі не істеп жатқанын көріп, стратегиялық мәселелерге көңіл бөлу үшін осылай деп шештім. Менің орныма келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза – Қазақстанның белгілі азаматы, менің үмітімді ақтайды деп сенемін.
Ауыл – тұнған тарих. Өткен күннен белгі көп. Бәлкім мына жолмен үйдің үлкені Нұрсұлтан әкесіне еріп, жайлауға шыққан шығар. Әлде Шамалған ауылдық мектебіне барды ма екен? Қалай болғанда да алаңсыз балалық дәурен, еңбекпен есейіп, ат жалын тартып мінген жасөспірім шақ осы ауылда өтті. Мұндағы тұрғындармен тілдесе қалсаңыз болды, ең әуелі төл перзентін әңгімеге қосып, мақтан етеді.
Блиц:
- Мен Шамалғанда туып-өскеніме қуанамын. Ағамыздың өстіп Шамалғанды ғана емес, бүкіл Қазақстанды гүлдетіп жібергеніне өте разымын.
- Әбіш атамыз сол уақыттың өзінде орысшаны жақсы білетін. Әлжан әжеміз осы жерде жүргенде той ол кісісіз қызбайтын. Ол кісі сондай оратор, көрнекті адам болатын.
- Біз Елбасымен мақтанамыз, өйткені ол ауылдан шыққан. Ол кісінің саясатын ұстанамыз.
- Бүгін ырыс қонған Қарасай жерінде үлкен мереке болып жатыр. Біздің Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келіп отыр. Бұл кісінің зор. Қазақстандықтар ұмытпайды.
- Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – біздің жерлесіміз. Ол – біздің ғана жерлесіміз емес, бүкіл қазақ халқының, Қазақстан халқының азаматы.
Жат деп жатырқап қарамау, керісінше жақын тартып, бауырға басу, тіл табыса білу. Көп ұлттың ортасында өскен Нұрсұлтан Назарбаевтың осы қасиеті балалық шағында қалыптасты, кейін үлкен саясатта кәдеге жарады. Елбасының өмір жолы туралы мәліметтердің көбі Шамалғандағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына топтастырылған.
Айгерім Әуезова, Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының экскурсия жүргізушісі:
- Елбасының өміріне қатысты бірінші залда өзінің тұрған үйінің макеті бар. Ол – үйдің дәлме-дәл көшірмесі. Балалық шағы туралы айтсақ, есігінің алдында алма бағы болған. Ал әкесі өте еңбекқор, алма түрлерін көбейтумен айналысқан. Біз соның бәрін жастарға насихаттаймыз. Анасы өте өнерлі болған. Қазақтың дәстүрлі әндерін орындаған. Соған қатысты мұнда музыкалық аспаптар да бар.
Жастайынан зерек, ән мен жырға құмар болып, ақсақалдардың әңгімесін сүйсіне тыңдап өскендіктен болар Елбасы үшін көпшілік алдында сөз бастау оңай. Үйдің үлкені болғандықтан, дамылсыз еңбекке ерте араласты, кейін мемлекет ісінде де бір сәт тыным тапқан емес. Жерлестермен жүздесу кезінде де Елбасы ерінбей еңбек етудің қадірі жайлы әңгімеледі.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Мемлекеттік жағдай мықты. Қазақстан бойынша жол салып жатырмыз. Облыстарға, ауылдарға газ тартылып жатыр. Жастарға білім алу керек. Сонда ғана жанұясын бағатын болады. Өзіне жақсылық істейтін болады.
Ең бастысы таза қазақы ауылдың тәрбиесін көрді. Мұның бәрі араға сан жылды тастап, елдің тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевты өзгеден дара етіп тұрды. Осылайша Тұңғыш Президенттің тұлғалық болмыс-бітімінің негізі туған жерінде қаланды.
Ауылдағы ағайынмен жолыққаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев сыныптастары және бала кезінде бірге оқыған достарымен кездесіп, естеліктерімен бөлісті.
Дархан Әбдуахит, тілші:
- Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі. Елбасы өзі бір кездері жазғандай, балалығының, сағынышының алтын қазығы осы жер. Үшқоңыр Алатаудың баурайында. Шағын ғана Шамалғаннан шыққан Нұрсұлтан Назарбаев алып Алты Алаштың ардақтысына айналғаны ақиқат.
Авторлары: Дархан Әбдуахит, Еділ Ермекбаев, Хасен Омарқұл, Руслан Жакеев