Павлодар қаласында жерасты суы қалыпты жағдайда
Дер кезінде атқарылған әрекеттердің нәтижесінде жағдай тұрақталды. Бүгінде жекеменшік сектордағы тұрғын үйлердің аумағында судың көтерілуі байқалмайды. Дегенмен апат болуы мүмкін аудан сала мамандарының жіті бақылауында.
Былтыр көктемде Екінші Павлодар шағын ауданында 300-ден астам үйдің іргесі бүлінді. Жүздеген тұрғын зардап шегіп, осындай күйге түсті. Ернар Аманов әр көктем сайын үйін жөндеп әлек. «Осы аядай ғана бөлмені қалыпқа келтіруге 30 мың теңге кетеді», – дейді.
Ернар Аманов, шағын аудан тұрғыны:
- Өткен жылы мына жер суға толған болатын. Қазіргі таңда өздеріңіз көріп тұрғандай, құрғақтау, су жоқ. Қыс бойы осыдан қорыққанбыз.
Шағын ауданда 15 гидробекет орнатылды. Судың деңгейі сағат сайын тексеріледі. Ал жерасты сулары осы қазаншұңқырға жиналады. Нысан 5,5 мың текше метр суды қабылдауға әзір.
Ренат Валишанов, қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:
- Қазаншұңқыр арқылы жерасты суларының көтерілмегенін байқадық. Бұны гидрогеологтар растады. Дегенмен жұмыстар тоқтатылған жоқ. Көшелерді аралап, тұрғындармен кездесіп жатырмыз. Бүгінде 15 мың текше метр су тартып шығарылды.
Шағын ауданда апаттың алдын алу шараларына 30 млн теңге бөлінген. Тұрғындарға қолдау көрсету үшін жедел штаб жасақталды.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Бұл штаб таңғы 09:00-ден түнгі 00:00-ге дейін жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, күнбе күн тұрғындар тарапынан 30-дан астам шағым түседі. Сонымен қатар мамандар су тасқыны кезінде жедел әрекет етуге арналған осындай жадынама қағаздарды әзірлеген.
Ендігі мақсат – орталықтандырылған кәріз жүйесін салу. Сонда мәселе түбегейлі шешіледі деген болжам бар. Оның құрылысына бюджеттен 400 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.
Қанат Желдібаев, Азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы:
- Орталықтандырылған кәріз жүйесін екі кезең бойынша саламыз. Бірінші кезекте 8 көше қамтылады, кейін тағы 5 көшеге тартылады. Дренаж жүйесі де іске қосылады.
Шығынға батқан тұрғындар өтемақы төлеу мәселесін көтеруде. Бұл мәселе бойынша нақты шешім жоқ.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков