Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге ресми сапары қорытындыланды
Кейін құрмет қарауылының салтанатты шеруін тамашалады. Сапар соңын Қазақстан мен Ресейдің парламентаралық байланысын нығайтуға сеп болатын тағы бір кездесу өткізді.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Ұлы Отан соғысы қос xалықтың жадына өшпестей із қалдырған. Сол бір зұлматты жылдардың көрінісі санамызда әлі жаңғырып тұр. Ерлік бір сәтке де естен шыққан емес. Осының айқын көрінісі – Кремль сарайы алаңындағы бақша. Мұнда Ұлы Отан соғысында қаза болғандар үшін арнайы ескерткіш орнатылған.
Александр бағы Ресей ғана емес, Кеңес үкіметінің құрамында болған 15 елдің тариxынан сыр шертеді. Мұнда Отан соғысында қаза болған белгісіз жауынгерлерді есте сақтау үшін мәңгілік алау жанып тұр. Оған Ресейге келген құрметті қонақтардың тағзым етуі – игі үрдіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сапарының екінші күнінде осында келіп, ел үшін отқа түсіп, жерін жаудан қорғаған майдангерлердің рухына тағзым етті.
Кремльді бойлай орналасқан «Белгісіз жауынгер бейіті» мемориалдық кешені 1967 жылы салынды. Бұл – нысан майдан даласында көз жұмып, мәңгілік мекен тапқан, топырағы белгісіз жауынгерлерге деген құрметтің өзіндік белгісіндей. Отан соғысына 1 млн 200 мыңнан астам қазақстандықтың аттанып, оның мыңдағаны қан майданда із-түссіз кеткенін ескерсек, бұл шара – қазақ жұрты үшін де аса маңызды. Сондықтан гүл қою рәсіміне мемлекеттік хатшы, Премьер-Министрдің орынбасары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы да қатысты.
Құрмет қарауылының салтанатты шеруі де Мемлекет Басшысының назарына ұсынылды. Президент алдында сап түзеген сарбаздармен қоса, әскери оркестр қазақ әуендерін орындап, айрықша құрмет көрсетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде шетелге алғашқы сапарын Ресейден бастауы – ресми Мәскеу үшін де өзіндік мәртебе. Бұл – арадағы достық қарым-қатынастың ерекше үлгісі екені сөзсіз.
Сондықтан Президенттің жоғары деңгейдегі кездесуі екінші күні де жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы жиналысына барып, құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Сіздермен Мәскеуде көрісіп отырғаныма қуаншытымын. Мұнда ресми сапармен келуім арадағы достықтың үздіксіз жалғаса беретінін білдіреді. Әріптестіктің көкжиегі кең. Оны сақтап, әрі дамыта білуіміз керек. Алда жұмыс көп. 29 мамыр күні елордамызда Еуразиялық экономикалық одақтың саммиті өтеді.
Валентина Матвиенко, РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрайымы:
- Сізді Мемлекет Басшысы қызметіне кірісуіңізбен құттықтаймын. Алғашқы ресми сапарыңызды Ресейден бастадыңыз. Бұған біз шын мәнісінде разымыз. Оның үстіне, тығыз жұмыс кестеңізге қарамастан, Федерация Кеңесіне келуге уақыт таптыңыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін де биліктің әр түрлі тармағында атқарған қызметінде Ресеймен тығыз қарым-қатынаста болды. Тәуелсіздік алған кезеңде Тұңғыш Президентпен бірге солтүстіктегі көршімізбен достық негізде қарым-қатынас орнатуға атсалысты. Бертінде, Сенат төрағасы болған кезінде де ресейлік заң шығарушы орган өкілдерімен берік байланыс қалыптастырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- ЕАЭО біраз алға жылжыды. Бастапқы кезеңмен салыстырғанда тиімділігі жыл сайын артып келеді. Оны сол қалпында дамыта беруге міндеттіміз. Бұл ұйым өзара интеграцияда маңызды рөл атқарады.
Мемлекет Басшысы ресейлік Федерация Кеңесінің жетекшісіне парламентаралық байланысты да одан әрі дамыту қажеттігін айтты. Бұл тұрғыда Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы өзіндік үлгі көрсетуі тиіс. Ресми сапар сан түрлі ынтымақтастықты жолға қойып, алдағы бағыт-бағдарды айқындап берді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің күні бұрын қабылдаған бірлескен мәлімдемесі осы істі жан-жақты ширата түспек.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Әлібек Әлиев, Дулат Ентебеков