«Көкжайлау» демалыс орнын салу мерзімі шегерілді
Алматы әкімі осындай ұсыныс жасап, Қоғамдық кеңес мүшелері оған бірауыздан қолдау білдірді. «Бұл істе асықпаған жөн», – деген Бауыржан Байбек барлық сарапшының пікірін ескеріп, жаңа жобаны мұқият пысықтауды тапсырды.
«Көкжайлауда» халықаралық курорт салу туралы әңгіме бірнеше жыл бұрын басталған болатын. Жоба құнының қымбаттығы өз алдына, «20 мың қарағай кесілуі керек» деген хабар жұртшылықты дүрліктірген еді. Ал қоғамдық пікірді ескере отырып жасалған «Көкжайлау» курортының жаңа жобасы түбегейлі өзгерген. Бұл тұжырымдамаға сәйкес «Көкжайлау» халықаралық емес, қалалық курорт болады және ол жыл он екі ай демалушылардың игіліне жарамақшы.
Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:
- Шығындарды қайта қарадық. Табиғатқа барынша аз салмақ салуға тырыстық. Жоспарланған құрылыс алаңы 14 есеге азайды. Кесілетін ағаштардың санын 26 есеге дейін қысқарттық. 100 гектар жерді Ұлттық паркке қайтадан қайтарып береміз. Жаңа тұжырымдамаға сәйкес курорт аймағында жекеменшік коттедждер мүлдем салынбайды.
Жақында Туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы қабылданады. Құжатта Алматы тау кластерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Мақсат Қиқымов, қалалық Туризм басқармасының жетекшісі:
- 2025 жылға дейін тау-шаңғы туризмін үш кластер бойынша дамытуды жоспарлап отырмыз. Олар: Түрген, Алматы және Қаскелең таулары. Осы үш жерде 456 шақырымдық шаңғы жолы, 10 курорт болады. Бұған қоса тауларда ұзындығы мың шақырымдық жалғызаяқ жолдар салынады. Біздің жоспарымыз бойынша Тау кластерін жүзеге асыратын болсақ, Алматы агломерациясында 20 мың жұмыс орны ашылады.
Бауыржан Байбектің айтуынша, алдағы 3-5 жылда қазір жұмыс істеп тұрған курорттарды дамытуға күш салынады. Тәжірибе жинақталып, мамандар дайындалады. Курорттарға келушілердің пікірлері зерттеледі. Тек содан кейін ғана «Көкжайлауды» салу қолға алынады.
Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:
- Барлық сын-пікірді ескере отырып салынатын «Көкжайлау» елдің игілігіне, қаламыздың болашағына қызмет ететін, алға қойған мақсатына жауап беретін, әлемдегі ең үлгілі тау-шаңғы курортының біріне айналатынына сеніміміз кәміл.
Өткен жылы Алматыға миллионнан астам турист келсе, оның 365 мыңы шетелдіктер екен. Сарапшылар пікірінше, туризм бизнесі сауатты ұйымдастырылса, жыл сайын 2 млрд доллар пайда табуға болады. Әкім дүниежүзілік электронды сауданың жылына 55% дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Есесіне дәстүрлі сауда-саттық қысқарып келеді. Демек, 100 мыңнан 200 мыңға дейін адамды еңбекпен қамтып отырған Алматы базарларындағы жұмыс орындары қысқарады. Қала басшылығының туризмге ерекше мән беріп отырғаны да сондықтан.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев