Саяси партиялардың арасындағы бәсекелестік артады
Себебі Президенттікке үміткерлер тек қоғамдық саяси ұйымдардың, партиялардың атынан түседі. Осындай маңызды саяси науқанды екі ай ішінде өткізуге қоғам қаншалықты дайын? Саясаткерлер бұған қатысты өз пікірлерімен бөлісті.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Саясаткерлер сайлау өтетін мерзімді заң аясында белгілі бағытта жіліктелетіндігін айтып берді. Екі айдың ішінде барлық шаруа реттеледі және толық аяқталады.
Айгүл Сәдуақасова, Мемлекеттік басқару академиясының орталық жетекшісі:
- Міне қай саяси партия дайын болғанын дәл осы жағдай айқындайды. Қазіргі таңда бізде тұрақты қызмет етіп келе жатқан саяси партиялар бар. Олар бірнеше рет парламент сайлауына қатысты. Олардың инфрақұрылымы, қаражат қоры да бар. Олардың көшбасшылары да бар. Саяси партиялардың белді мүшелері де бар.
Бұл қазақстандықтар үшін де бірінші Президенттік сайлау емес. Демек, ел басқаруға ниетті үміткерді халық дұрыс таңдай алады.
Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, саясаттанушы:
- Кез-келген саяси партияның негізгі міндеті – Президенттік сайлауға түсу. Қазір сондай жаңа мүмкіндік туды. Менің байқауымша партиялар өздерінің үміткерлерін анықтау ісіне кірісе бастады. Олар заман ағымына байланысты қоғамға жаңа леп әкелуді көздейді. Әрине еліміздегі тұрақтылықты сақтап, ел дамуына сүбелі үлес қосатын негізгі тетіктерді айқындауыды жоспарлайды деп ойлаймын.
Бұл саяси науқанды өзге мемлекеттер де бақылайды. «Әсіресе, ел экономикасындағы жобаларға қаржы құятын шетелдік инвесторларға нақтылық керек», – дейді саясаттанушы Айдос Сарым.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
- Халықаралық инвесторларымызда ойын ережесі өзгере ме, өзгермей ме? «Өзгерсе, қай бағытта өзгереді? Қазақстанға инвестиция салу қажет пе, жоқ па?» деген мәселе де басын қатырып отыр. Осы себепті ішкі және сыртқы бизнеске анық сигнал беру үшін, елдегі жағдай қалыпты, біздің елге инвестиция құюға болады, одан қорқудың, капиталды алып қашудың қажеті жоқ екенін айту үшін де нақты осындай шешімдер қажет екені анық.
Сайлаудан кейін Қазақстанның даму бағыты қандай болмақ? Есім ханның ескі, Қасым ханның қасқа жолы секілді, заман ағымына байланысты әр дәуірге тиесілі стратегиялық жолдың басым бағыттары болатыны белгілі. Осыған қатысты ғалымдар өз болжамдарын жасады.
Бүркітбай Аяған, Мемлекет тарихы институтының директоры:
- Бұрынғы саясат, Елбасының қойған стратегиялық жолы қатты өзгермес деген ойдамын. Жалпы біз Қазақстандық жолмен кетеміз. Біздің жолымыз Ресейге, Жапонға, Қытайға ұқсамауы керек. Біздің жолымыз қазақтың жолы болуы керек.
Қорыта айтсақ, сайлау ішкі һәм сыртқы тұрақтылықты сақтауда үлкен мәнге ие. Ең бастысы бәрі заң аясында өз тәртібімен өтеді.
Авторы: Бірлік Берікұлы