Кезектен тыс Президент сайлауына қатысты шетелдік сарапшылар пікір білдірді
Сондықтан Қазақстанның кезектен тыс Президент сайлауын өткізгені – орынды. Бұл – әлемдік ахуалды жан-жақты саралап барып қабылданған шешім. Біздің арнаға сұхбат берген, шетелдік сарапшылар, осындай пікір білдірді.
Қазақстан Тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған Түркия еліміздегі саяси науқанға қатысты да алғашқылардың бірі болып пікірін білдірді.
Ялчын Топчу, Түркия Республикасы Президентінің бас кеңесшісі:
- Қазір дүниеде түрлі жағдайлар болып жатыр, тұрақсыздық жайлап барады. Осы себепті әрбір мемлекет үшін тұрақты басқару – маңызды. Бұл елдегі экономикалық жағдайға және шет елмен қарым-қатынасқа әсер етеді. Тамырлас елде сайлаудың жоғарғы деңгейде өтуіне тілектеспін.
Қазақстан көптеген елдермен бірқатар келіссөзге қол жеткізді. Бұдан кейін де арада болатын ынтымақтастық елдің тұрақты дамуына тікелей байланысты. Еліміздегі саяси процестерді Еуропалық Парламент депутаттары да сырт қалдырмады.
Ивета Григуле, Орталық Азия елдері бойынша еуропарламент делегациясының басшысы:
- Халықтың сенім артып, өз Президентін өзі сайлап алуы аймақтағы инвестициялық климатты сақтап, халықаралық қауымдастық алдында шетелдік әріптестермен байланысты сақтауға мүмкіндік береді. Президент болып кім тағайындалса да, Қазақстандағы жақсы бастамаларды әрі қарай жалғастырып, аймақтағы бейбітшілік пен келісімді сақтай алуы маңызды. Себебі Еуропалық Одақ үшін Қазақстан сенімді әріптес, сондықтан даму бағытынан таймауын тілейміз.
Ал француз сарапшысы Раду Магдин Қазақстанның қазіргі экономикалық дамуын елдегі тұрақтылықпен байланыстырады.
Раду Магдин, саясаттанушы:
- Қазақстан сияқты үлкен мемлекетті басқаруда Президентті заңды түрде сайлау аса маңызды. Бұл сайлау тұрақтылық пен Нұрсұлтан Назарбаев негізін салып кеткен тарихи жетістіктерді жалғастыруға жол ашады. Дәл қазір Қазақстан үшін саяси тұрақтылығын сақтай отырып, экономика тұрғысынан сенімді әріптес ретінде қалуы маңызды.
Елдің дамыту бағытын жалғастыру үшін кезектен тыс сайлау өткізу – дұрыс шешім. Жаһандағы түрлі өзгерістерге қарамастан Қазақстан өзі ұстанған тура жолынан айныған емес. Солай бола бермек. Саясаттанушы Маттиас Дорнфельдт пікірі осыған саяды.
Маттиас Дорнфельдт, саясаттанушы:
- Еуропа мен бүкіл әлемнің назары қазір Қазақстанда. Қасым-Жомарт Тоқаев өте орынды шешім қабылдады деп ойлаймын. Елдеріңіз талай сын-тегеуріннен сүрінбей өтті. Енді келесі Президенттің 2050 жылға дейінгі елді дамыту Стратегиясы бойынша жұмысты жалғастырғаны маңызды.
«Президент сайлауын өткізу – елдегі тұрақтылықты сақтап, даму қарқынын жеделдетуге бағытталған ұтымды шешім», – дейді Бундестаг депутаты Генрих Цертик.
Генрих Цертик, ГФР Бундестаг депутаты:
- Президент сайлауын өткізу арқылы Қазақстан билік ауысуын жылдам әрі демократиялық жолмен өткізетінін байқатты. Қазақстандықтар өздері сенім артатын лайықты үміткерге дауыс береді деп сенемін.
Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктері халықаралық аренада елдің маңызды рөлге ие болып, көптеген ғаламдық үдерістердің белсенді қатысушысы болуына ықпал етті. Сондықтан Қазақстандағы саяси және әлеуметтік тұрақтылық әлем елдері үшін маңызды. Бұл – алыс-жақын шетелдік сарапшылардың пікірі.
Авторы: Меруерт Жақан