Мемлекет басшысы ҚР Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысты
Қоғаммен диалог орнатуы керек. Сонда ғана халықтың сенімі артады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысып, қоғамды алаңдатып отырған келелі мәселелерге тоқталды. Елбасы бастап берген «Ішкі істер органын реформалау» жобасын жалғастыру керек екенін айтқан Президент министрлікке жеті міндет жүктеді.
Реформа жалғасады! Бүгінгі Қазақстанның Ішкі істер құрамы – 150 мыңнан астам қызметкерден тұратын күрделі сала. Соның 80 мыңы – тәртіп сақшысы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Ішкі істер органдарындағы үлкен өзгерістер жалғаса береді. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Ішкі істер министрлігінің алдына жеті міндет жүктеді. Соның алғашқысы – ашықтық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Полиция әрқашан да ашық болуы тиіс. Ол үшін қоғаммен диалог қажет. Бұл мақсатта біз Елбасы бастап берген «Ішкі істер органын реформалау» жобасын жалғастыратын боламыз. Полицейлермен байланыс өздеріңіз білетіндей, халықтың Call-орталықтарға хабарласуларынан басталады. Халықтың өтінішіне қарағанда наразылықтар да бар. Бұл – халықтың айтқанына салғырт қарау, полиция жасағының уақытылы жіберілмеуі, кей кезде тіпті осы Call-орталығына хабарласу мүмкін емес. Мұндай кездерде халықтың шағым айтатын жері болмайды. Оған қоса азаматтардың наразылығына әкімдіктер аса әрекет етпейді. Сол себепті құрметті министр, сізге Call-орталықтардың жұмысы жөніндегі сұрақтарды, қоғаммен байланысты жеке бақылауыңызға алуды тапсырамын.
«Менің полициям мені қорғайды» деген қанатты сөзді бүгін біз қаймықпай айта аламыз ба? Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елдегі қауіпсіздік деңгейі 7,6% төмендеді дегенмен, ұрлық-қарлық өршіп тұр. Ол елде жасалатын қылмыстың 70% құрайды. Ұялы телефон, көлік айнасын ұрлау секілді факторлар полицияға деген сенімді селдіретіп тастағаны анық. Әсіресе автоұрылардың қолынан қаза тапқан қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өлімін халық ұмытпайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл – ұят нәрсе. Мұндай құқықбұзушылық халықтың наразалығын тудырады. Өздеріңіз жақсы білесіздер, дәл осындай ұрлықтың салдарынан былтыр танымал спортшы, қоғам қайраткері Денис Тен көз жұмды. Биыл осындай қылмыскерлердің кесірінен Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин зардап шекті. Абырой болғанда бұл оқиға өлімге немесе жарақат алуға дейін апарған жоқ. Ал қылмыстың ізі суымай ашылды. Бірақ мұндай заңбұзушылықтың жалғасып жатқандығы ІІМ басшылығы мен жалпы елдің басшылығын алаңдатпай қоймайды. Полиция қызметкерлерінің тек танымал тұлғалармен болған оқиғаларда ғана емес, барлық жағдайда тиімді әрекет жасағандығы маңызды. Криминалдың бұл түрі не себепті сақталып, белең алып келе жатқандығын анықтау керек. Себебі неде? Бұл ретте арам ниетті полицейлердің қатысы бар ма екен?
«Қазақтың бір міні – мал ұрлығы», – депті Абай. Әлі де солай. Барымташылар басынып барады. Қасым-Жомарт Тоқаев барымташылыққа баратындарға заңды қатайтуды тапсырды. Себебі кейбір көрші елдерде мал ұрлығы Қылмыстық кодекстің жеке бабымен жазаланады. «Бізге де осы тәжірибені енгізу керек», – деді Президент. Мемлекет басшысы екпін қойған тағы бір мәселе – есірткімен күресті күшейту.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің тұрғындарды есірткі қылмысы да алаңдатып отыр. Есірткіні сату мен алу жеңілдей түсті. Кез келген жасөспірім оны интернет арқылы тауып ала алады. Кез келген тұрғын үйдің маңында жасырын жарнаманы, арнайы сайттардың сілтемесін, QR-кодтарды көруге болады. Оны біздің қалалардағы үйлердің қабырғаларында кездестіреміз. Яғни бұл – ұйымдастырылған криминалды бизнес. Осы жерде «құқық қорғау органдары қызметкерлерінің осы қылмыстық істе сыбайлас екендігі бар» деген ойлар туындайды. Біздің балалардың денсаулығы жайында сөз қозғалғандықтан мұндай іс-әрекетке жол берілмеуі керек. Есірткі таратумен айналысуға қатысы бар тұлғаларды жазалауды заң жүзінде қатаңдату жағын қарастыру қажет. Мен полицияға бұл проблеманы жоюды міндеттеймін. Қолға тек жылдам әрекеттерді ғана емес, сондай-ақ жалпы заманауи технологиялық арсеналды алуды тапсырамын.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Қазақстанда көлік көп. Көлік көп болған соң өлік көп. Қара жолдың бойында қаза тапқан қазақстандықтардың саны жыл сайын артпаса, кеміп жатқан жоқ. Жыл сайын 10 мыңнан астам азаматтың ажалы жол апатынан келеді. Президент жүктеген жеті міндеттің 4-тармағы осы жолдағы қауіпсіздік болатын.
Қазақстанда 4,3 млн көлік тіркелген. Ел бойынша орнатылған 3743 бейнебақылау камераның көмегі болар, «өткен жылы жол-көлік апаты 7% азайды» деген дерек бар. Бірақ бұл біз үшін аз. Президенттің өзі көңіл көншітпейтін көрсеткіштерді айтып берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанда жол-көлік апатынан қайтыс болу мүмкіндігі Еуропа елдеріне қарағанда 11 есеге көп. Біз бұл проблеманы көптің алдында Парламентте де, Үкіметте де талқыладық. Алайда мәселе шешілмеген күйінде қалып отыр. Жыл сайын жол-көлік апатынан 10 мыңнан астам адам көз жұмады. Мұндай адам шығынын ірі қарулы қақтығыстар мен соғыстардағымен салыстыруға болады. Жолдардағы қауіпсіздікті арттыру үшін мен Ішкі істер, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне, әкімдіктерге қозғалысты бақылайтын интеллектуалды жүйелерді енгізу мен инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне қатысты қажетті шараларды қолдануды тапсырамын.
Қоғамдық тәртіпті күзетуге күн сайын 13,5 мың адам жұмылдырылады. Президент кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысты төмендетуді тапсырды. Ішкі істер қызметкерлерінің тағы бір міндеті – халықты түрлі табиғи апаттардан қорғау, төтенше жағдайдан аман алып қалу. Өткен жылы төтенше жағдай барысында 4 мың қазақстандық құтқарылды. Апат аймағынан 22 мыңнан астам азамат аман шықты. Бұл бағыттағы жұмысқа көңілі толатынын білдірсе де, Президент: «Төтенше жағдайдың алдын алуға басымдық беріңдер», – дей келе жетінші міндетпен түйіндеді. Ол – кадр саясаты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Полицейлерге қойылатын негізгі талаптар мен міндеттер – жұмыстарының тиімділігі мен халықтың сенімділігі. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда біздің азаматтар полицейлердің жұмыстарына шағымданып жатады. Тіпті тәртіп сақшылары дөрекі сөйлесіп, өздерін мәдени ұстамайды. Кей кезде өздері заңды бұзады. Ондай оқиғалар көбіне жолдарда болады. Мен Ішкі істер министрлігіне жүргізіліп жатқан реформа аясында адал және тәжірибелі мамандарды сақтап қалудың жүйелі шаралар кешенін қарастыруды тапсырамын. Жастарды қатаң түрде іріктеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұратын тұрақты иммунитеті барларын қабылдауды міндеттеймін. Адал, тексерілген, тәжірибелі қызметкерлердің балансы болуы тиіс. Бұл – үлкен жауапкершілік. Мен министрлік басшылығын бұл мәселеге ерекше қарауды тапсырамын. Жалпы Ішкі істер министрлігі мен оның бөлімшелерінің жұмысын жоғары бағалаймын. Полицияның қатардағы қызметкерлеріне ерекше алғыс білдіргім келеді. Олар күн сайын өз өмірін қауіпке тіге отыра, халыққа көмекке келеді.
Алқа отырысы барысында сала министрі Ерлан Тұрғымбаев негізгі көрсеткіштерді Президентке баяндап берді. «Нұр-Сұлтан мен елдің басқа да қалаларын туристер мен инвесторлар үшін қауіпсіз етуге барын салып жатырмыз», – дейді сала басшысы. Ол үшін арнайы туристік полиция құру ұсынысын да жеткізді. Жиын соңында Мемлекет басшысы жаңа леппен жұмыс істеуге шақырды. Қауіпсіз Қазақстан заң үстемдігі бюрократиядан арылу, әділетті қоғам құрудан басталады. Ал жүктелген жүгі жеңіл емес жеті міндеттің орындалуын уақыт көрсетеді.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов