Пианист Саида Қалықова музыка әлеміндегі 20 жылдық мерейтойын атап өтті
Италия, Румыния, Ресей мемлекеттерінде өнер көрсеткен талантты ару өзінің музыка әлеміндегі 20 жылдық мерейтойын атап өтті.
Саиданың сиқырлы сазы сезім қылын шертеді, селт еткізеді. Өмірі осы әуезді әуендей бірде қуанышқа, бірде мұңға толы. 9 жасында тосыннан келген кеселдің салдарынан қос жанарын қара тұман басса да, сол түнектің ортасынан жарық сәуле тауып, жүрегіне қараңғылық көлеңкесін түсірмей келеді. Жас талант – орындаушы ғана емес, 20-дан астам туындының авторы.
Саида Қалықова, композитор, пианист:
- Әуелі ойыма бір әуен келеді. Сол әуенді ойнап, есімде сақтап, анам екеуіміз нотаға түсіреміз.
Бүгін Саида төл туындыларының бір парасын елорда тұрғындарының алдында орындап, көрерменін тәнті етті. Шабыттандырып, шарықтау шыңына жетеледі.
Ол 12 жасында алғашқы концертін берген. Оралдағы музыка колледжінің, Ұлттық өнер университетінің түлегі. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Италияда білім алып, 28 жасында музыка академигі атанды. Бірнеше тілде еркін сөйлейді. «100 жаңа есім» жобасына енді. Румыния, Италия, Ресейде өз концертін берген зағип жан адам қабілетінің шексіз екендігін дәлелдеді.
Любовь Жайымқызы, Саиданың анасы:
- Кішкентайынан музыкаға құштарлығын көрсетті. Қызым музыкамен айналысса, кішкене жеңілірек болар деп ойлаған едім. Музыка оның өміріне айналды.
Саида нотаны жанарымен емес, жүрегімен жаттады. Қиялдың кемесімен жаңа мақсаттарға ұмтылды, өнердің тұңғиығына сүңгіді.
Саида Қалықова, композитор, пианист:
- Жаныңа ең жақын істі тауып, қызмет етсе, әр адам бақытты болады деп ойлаймын. Ешқашан мойымай, әрі қарай өмір сүру керек. Армандап жүрсек, бәрі жақсы болады.
Саиданың ең үлкен арманы – мына жалғанды көру, концертімен төрткүл дүниені аралап, өзіндей жандардың өмірге деген құлшынысын арттыру.
Музыка саласындағы 20 жылдық мерейтойына байланысты алғашқы концертін Нұр-Сұлтан қаласынан бастаған пианист ендігі кезекте еліміздің өзге де өңірлеріне барады. Соңғы аялдама – туған жері Орал. Ерекше шабыттанған елорда халқы өнер иесінен қошеметін де, гүл шоғын да аямады.
Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Әл-Фараби Серіков, Ерзат Зайытхан