Жеке кәсіп ашқысы келетін аналарға мемлекет қолдау көрсетеді
Елбасының пәрменімен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілетін жәрдемақы көлемі 20789 теңгеге артқаны белгілі. Жаңа форматта берілетін әлеуметтік көмекті алушылар қатары едәуір өскен. Үкіметтік топ баспана мәселесін шешу үшін Ақсай ықшам ауданында салынып жатқан жаңа үйлерді де көріп шықты. Жергілікті кәсіпкерлердің бірі, 8 баланың анасы Индира Отарбаеваға ауданы 90 шаршы метр болатын пәтер кілтін сыйлады. Жұртшылықпен кездесуде жауапты министрлік басшылары мемлекеттік бағдарлама аясында жәрдемақымен қатар, өз кәсібін ашқысы келетін аналарға жан-жақты қолдау болатынын атады. Жиын соңында тұрғындардың жеке мәселелері бойынша қабылдау өтіп, әр сұраққа тыңғылықты жауап берілді.
Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- 45 мыңнан астам аз қамтылған отбасыларына жәрдемақы төлеу мәселесіне дайындық жүргізілген. Қазіргі кезде жұмыспен қамту орталықтарында әрбір отбасына есептеліп, тізімі толық жасалған. Семей қаласының өзінде биыл аз қамтылған көпбалалы аналарға 40 пәтер берілетін болады, осындай 80-ге жуық пәтер Өскемен қаласында да көзделіп отыр.