Президенттің виртуалды қабылдау бөлмесі іске қосылды
Виртуалды қабылдау бөлмесінде кез келген азамат жеке немесе қоғамдық сипаттағы түрлі мәселелерге қатысты өтініштерін қалдыра алады.
Виртуалды бөлмеге өтініш жолдау үшін кезекке тұрып, алдын ала жазылудың қажеті жоқ. Сұрақтар да сұрыпталмайды. Президент ұсыныс-шағымдарды өзі қарап, халықты мазалаған мәселелердің жедел шешілуін тікелей қадағалайды. «Бұл бастама Мемлекет басшысының ел ішіндегі жағдайдан хабардар болуын қамтамасыз етеді»,– дейді сарапшылар.
Жұмабек Сарабеков, ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы:
- Президенттің мақсаты – виртуалды қабылдау бөлмесін ашу арқылы тұрғындармен байланысты күшейту және халық пен билік арасындағы диалогтің тиімділігін арттыру.
Алдағы 2-3 айда шағымдар мен өтініштерді саралай отырып, халықтың басым бөлігін қандай мәселелер мазалайтынын аңғаруға болады. Жалпы ел ішінде әкімдік, сот, прокуратураның табалдырығын тоздырып, жанайқайын жеткізе алмай жүрген жандар жетерлік.
Серік Бейсембаев, ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы:
- Президенттің мұнымен жұмыс істеуі қалай жүзеге асады? Қолжетімді бола ма, болмай ма? Халық ол туралы қаншалықты ақпараттандырылады? Осы сияқты мәселелер виртуалды кабинет арқылы шешілетін болса, онда біздегі шешімін табай алмай жатқан сұрақтарда қозғалыс болар еді.
Ең бастысы өтінішті жіберу үшін қолыңызда электронды цифрлық қолтаңба болуы шарт. Ал бұл қазіргі заманда таңсық дүние емес. Көзі қарақты ағайын Президенттің әлеуметтік желілерде де парақшалары бар екенін жақсы біледі. Сұрақтарын қойып, пікірлерін қалдыруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге де халықпен өзара ықпалдастықтың жаңа форматын дамытып, желілерде белсенділік танытуды тапсырған еді.
Әлеуметтік желілерде ең белсенді саясаткерлердің бірі – АҚШ-тың бұрынғы Президенті Барак Обама. Оның 106 млн оқырманы бар. Тізімді Үндістанның Премьер-Министрі Нарендра Моди мен Түркия Президенті Режеп Тайып Эрдоған жалғайды. Олар желі арқылы ел тынысынан хабардар. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың виртуалды қабылдау бөлмесі – билік пен халық арасында байланыс орнатудың тағы бір жолы.
Авторлар: Гүлмайра Қуатбайқызы, Айдос Меделбеков