Қасым-Жомарт Тоқаев елдің сыртқы саясатын қалыптастыруда тынбай еңбек етті
Қасым-Жомарт Тоқаев туралы әріптестері мен елдің тыныс-тіршілігін назарда ұстап отырған саясаттанушылар осылай дейді.
Президенттің әкесі Кемел Тоқайұлы – Ұлы Отан соғысының ардагері. Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрын қалыптастырған белгілі жазушы. Ал анасы Тұрар Шабарбаева Шет тілдер институтында жұмыс істеген. Кемел Тоқайұлы өмірдің барлық қиындығын, жетімдікті, Ұлы Отан соғысының қанды кезеңін бастан кешіреді. Пайым парасаты биік жазушы жайлы ұлы Қасым-Жомарт «Әке туралы толғаныс» деген ғұмырнамалық кітабында толық жазады. Президенттің бүгінгі болмысынан әке өсиетінің ізін байқау қиын емес.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
- Қасым-Жомарт Тоқаевты қазақ қоғамына таныстырудың қажеттілігі жоқ сияқты. 90-шы жылдың басынан бері саяси элитада жүрген ірі тұлғалардың бірі екені анық. Ол Қазақстанның Премьер-Министрі, Сыртқы істер министрі болды. Еліміздің атынан әлемге шығып жүрген танымал тұлғалардың бірі.
Көптеген мемлекеттік қайраткердің халықаралық саясаттағы тәжірибесі аз. Жаһандану заманында бұл Президенттің бойынан табылуы тиіс қасиеттердің бірі екені анық. Ал кеңестік дипломатиялық мектепте шыңдалған Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздік алған күннен бастап елдің сыртқы саясатын қалыптастыруда тынбай еңбек етті.
Ильяс Умаханов, РФ Федерация кеңесі төрағасының орынбасары:
- Мен Қасым-Жомарт Кемелұлын ерекше құрметтеймін. Екеуіміз бір институтты бітірдік. Мен де, ол да Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істедік. Ол – әлемдік деңгейдегі дипломат. Тәжірибелі, дарынды жетекші. Қазақстан секілді ірі елдің мемлекеттік қызметінің барлық сатысынан өтті. Менің пікірімше, Қасым-Жомарт Тоқаев мырза Қазақстан Президенті болып сайланатын болса, Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы беделі жоғары және өзге мемлекеттердің басшыларымен қарым-қатынаста ұпайы түгел болады.
Кәсіби дипломат, Тәуелсіз Қазақстанның БҰҰ-дағы тұңғыш тұрақты өкілі Ақмарал Арыстанбекова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты жас күнінен таниды. Алғаш 1990 жылы Алматыда кездескен. Ол кезде Ақмарал Хайдарқызы Қазақ КСР-нің Сыртқы істер министрі, ал Қасым-Жомарт Кемелұлы Кеңестік елшіліктің Қытай Халық Республикасындағы бірінші хатшысы болған.
Ақмарал Арыстанбекова, дипломат, мемлекет қайраткері:
- Ең бірінші білімді дипломат дер едім. Қасым-Жомарт Кемелұлының бойында дипломаттарға қажетті барлық қасиет бар. Зиялы. Тарих, халықаралық қатынастар мен саясаттану бойынша терең энциклопедиялық білімге ие. Әлеуметтану мен экономикадан да хабары бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев – саяси ғылымдардың докторы. Халықаралық қатынастар бойынша көптеген кітап пен мақаланың авторы. Замандастары атап өткен тағы бір қырын айтсақ, күрмеуі қиын мәселелерге ылғи да мемлекеттік тұрғыдан, елдік мүддеден қарайды.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев