Хабар телеарнасы

Көпбалалы аналарды баспанамен қамту бойынша заң жобасы мақұлданды

Заң жобасы Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленді. Құжатта «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері немесе «Батыр ана», сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» атағын алған көпбалалы аналар санаты үшін тұрғын үй алуға жеке кезек енгізілген. Қазір елде 31 мыңнан астам көпбалалы отбасы кезекте тұр. Оның 9600-і ауылда тұрады. Мәжіліс спикері ауылдағы ағайын баспана құрылысын ұзақ күтіп қалмайтындай жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Жалпы құрылысқа «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 50 млрд теңге бөлінбек. Жылына 6 мың пәтер салынып, жалға алу құны шаршы метріне 115 теңге болады.

Шабхат Өтемісов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Көпбалалы отбасы болу үшін төрт және одан көп бала болу керек. Екінші критерий, жалға алатын үйге ие болу үшін отбасының кірісі әрбір жанұя мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 3,1 еселенген мөлшерінен аспау керек. Бүгінгі күнде бұл мөлшер – 92 мың.

2025 жылға дейін елімізде 40 мың тұрғын үй салынбақ. Сондай-ақ Тұңғыш Президент – Елбасының тапсырмасымен жастарға баспана беру нормасы да жазылған. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2019-2025 жылдары Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында еңбек ететін жастар үшін жыл сайын жалға берілетін кемінде 1000 баспана салу жоспарланып отыр.