Елордада «Батырларға тағзым» шеруі ауқымды өтті
Майдан даласында шейіт болған жауынгерлер мен елге аман-есен оралған және тылда еңбек еткен ардагерлердің бүгінгі ұрпақтары қолдарына ата-әжелерінің суреттерін ұстап, көшеге шықты. Елордадағы «Қазақ елі» монументі алаңынан бастап «Отан қорғаушылар» ескерткішіне дейін жүріп өтті.
Риат Шони, тілші:
- Ешкім де, ешқашанда ұмытылмайды. Өйткені өскелең ұрпақ өз ата-бабаларының көзсіз ерлігін мәңгі есте сақтайды. Мыңдаған елордалық қолдарына ата-бабаларының суреттері бейнеленген транспоранттарын ұстап, «Қазақ елі» монументінен «Отан қорғаушылар» ескерткішіне дейін жүріп өтуде.
Дәстүрге айналған шараға қатысушылардың қатары жыл өткен сайын артып келеді. Биыл ата-баба рухына тағзым етіп, шеруге шыққан елордалықтардың саны 30 мыңға жуықтады. Бұл шара арқылы жас ұрпақ соғыста жауға қарсы тұрған, тылда еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға үлес қосқан ата-әжелерін естеріне алмақ. «Отан үшін от кешкен ерлердің еңбегі ерен. Оны біз лайықты түрде құрметтеп, бағалау керекпіз», – дейді.
Әбдіғали Қоянбаев, қала тұрғыны:
- Осы кісілердің арқасында 1945 жылы жауды жеңіп, біз бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Сол кісілерге алғысымды білдіремін.
Жарас Бөгенбаев, қала тұрғыны:
- Бүгінгі мейрам, шеру өте жақсы әсер береді. Ата-бабаларымыз не үшін өмірін қиып, қанын төкті?! Соны білсе дейміз.
Батырларға тағзым етіп, шарадан жыл сайын қалыс қалмайтын Елубай Нұралин де қатарда. Әкесі – Жұмабек Нұралин. Екінші дүниежүзілік соғысты басынан аяғына дейін өткерген. 1939 жылы әскерге шақыртылған Жұмабек Нұралин 1948 жылы бірақ елге оралыпты.
Елубай Нұралин, қала тұрғыны:
- Ең бірінші соғыс басталғанда бұл кісі Литвада болған. Немістерді шекарада қарсы алған. «Үш рет немістерге қарсы тұрдық», – деп айтады.
Бұл кісілер кезінде шеруге қатыса алмады. Олардың орнына қазір ұрпақтары, немерелері жүр. Әрқашан да осылай Жеңісті құрметтеп жүре берейік. Бірақ ешқашан соғыс болмасын!
Қазақ, орыс, татар, украин, поляк. Тізе берсе саны көп. Барлығы ұлтына, тілі мен дініне қарамастан Отан ананы жауға бермеу үшін күресті. Зұлмат жылдардың ауылы алыстағанымен, шайқамаған шаңырағы жоқ. Осы соғысқа Ақмола облысынан 90 мыңға жуық жауынгер аттанған. Олардың көбі елге қайтып оралмады. Ал бүгінде елордада 71 ардагердің көзі тірі. 74 жыл бұрын осы жандар жаққан Жеңіс отын өшірмеу өскелең ұрпақтың қасиетті парызы болмақ.
Авторлары: Риат Шони, Айбын Құсанбеков