Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Хань Чжэнді қабылдады
Екіжақты сауда-саттықтың көлемі артып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Хань Чжэн бастаған делегациямен кездесуде осылай деді. Президент мәртебелі мейманның бұл сапары сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға септігін тигізетінін айтты. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің жақында өткен кездесуінде қол жеткізген уағдаластықтар екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болғанын атап өтті. Кездесуде Қазақстан-Қытай бірлескен жобаларын жүзеге асыру, органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, трансшекаралық өзендерді пайдалану мен туризмді дамыту мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан елордасына қош келдіңіз! Осы мүмкіндікті пайдаланып, Қытай төрағасына жылы ықыласымды, сәлемімді жеткізгім келеді. Астана экономикалық форумына делегацияның қатысуы осы диалогты дамытуға сүбелі үлес қосатынына күмән жоқ. Мүмкіндікті пайдаланып, «Бір белдеу, бір жол» форумының сәтті өтуімен құттықтаймын. Төраға Си Цзиньпин алғаш рет жариялаған бастама әлем жұртшылығы тарапынан қолдау тапты. Н.Назарбаевтың «Үш Д» ұсынуы аясында көп құрылымды сабақтастық идеясын орнату ісі жатыр. Диалогтың осы форматы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, экономиканы дамытуға және инвестициялық тартымдылығын дамытуға бағытталған. Қытайдың дамуы бағытындағы Бейжіңнің күш-жігерін жоғары бағалаймыз.
Хань Чжэн, ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары:
- Қытай төрағасы Си Цзиньпин тарапынан Сізге деген ыстық сәлемді жеткізгім келеді. Сіздің шақыруыңызбен Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Еліңіз тәуелсіздік жылдары дамудың жоғары деңгейін көрсетті, қоғамда тұрақтылық орнап, экономика қарқынды дамып келеді. Тату көрші әрі стратегиялық серіктес мемлекет ретінде бұған біз де қуаныштымыз. АЭФ әлемнің тұрақты дамуына өз септігін тигізеді деп ойлаймын. «Бір белдеу, бір жол» форумында Қазақстанның Тұңғыш Президенті жаһандық қауымдастыққа маңызды үндеу жасады. Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне тұтас әлем құлақ түрді. Өткен айда Нұрсұлтан Назарбаевқа Қытайдың ең жоғары орденін табыс еткен едік. Бұл екі ел ынтымақтастығының жарқын үлгісі десем болады. Алдағы уақытта осы әріптестік жалғаса береді деген сенімдемін.