Елбасының қатысуымен Назарбаев Университеті түлектерінің оқу бітіру салтанаты болды
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп, үздік түлектерге салтанатты жағдайда диплом тапсырды. Аталған білім ордасын бітірген қыз-жігіттер бүгінде елімізде ғана емес, әлемдік алпауыт компанияларда жұмыс істеп жүр.
Кез келген елдің ең құнды байлығы – адам. Ол өз кезегінде – еңбек ресурсы. Демек, сол адамның мейлінше көп әрі қарым-қабілеті зор болмағы керек. Тәуелсіздік алғалы бері еліміздің негізгі ұстанымы осы. Тұңғыш Президент негізін қалаған халықаралық деңгейдегі Университет соңғы 4 жылдың ішінде 2600 маман даярлады. Түлектердің 60% қазақстандық және әлемдік компанияларда жұмыс істейді. Бірі өндіріс ошақтарында, бірі ғылыми зертханаларда, енді бірі қаржы секторында. Қалғаны оқуын одан әрі жалғастырып келеді. Ал биыл тау-кен ісі мен жер туралы ғылымдар мектебін бітірген алғашқы 20 түлек бар. Яғни кең байтақ жеріміздің қазба-байлығын игеретін білікті әрі білімді мамандардың тағы бір легі қалыптасты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Университет қысқа мерзімде заманауи білім жүйесін қалыптастырып, көш бастап келеді. Ең алдымен оқытушылар зор еңбек сіңірді. Биыл университетті 988 студент аяқтағалы отыр. Олар елімізді жаңғыртуға атсалысса деймін. Дүниежүзінде болып жатқан жағдайға сендерді дайындадық. «Болашақ» бағдарламасы мен осы оқу орны арқылы жастар елімізді болашаққа бастайды деп сенемін.
Елбасының қолынан диплом алу – түлектер үшін зор мәртебе. Сондықтан Тұңғыш Президент оларды арнайы құттықтауды ұмыт қалдырған емес. Салтанатты рәсімде Тұңғыш Президент білімнің инемен құдық қазғандай және сол ілімді жас ұрпақтың бойына сіңіру маңызды міндет екенін атап өтті. Биыл Университетті мыңға жуық жас тәмамдап отыр. Бұл – оқу орнының тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Более 40% завершивших программу бакалавриата решили продолжить обучение, получив приглашение в лучшие вузы мира. Мы вновь будем создавать такие условия, но по окончании программы PhD они должны вернуться сюда и отработать то, что государство в них вложило. Это справедливо. Я надеюсь, что достойно представляя нас за рубежом, в организациях мирового класса, получив опыт, молодые люди вернутся в Казахстан, чтобы внести вклад в развитие собственной страны.
Назарбаев Университеті түлектері осы уақыт аралығында 30-дан аса бизнес жоба мен стартапты іске қосты. Жүздеген жұмыс орны ашылып, бюджетке де белгілі бір деңгейде пайда түсті. Студенттер халықаралық білім бәйгелерінде оза шауып, үздіктер қатарынан көрініп жүр. Мәселен, ғылым мен технология мектебінің шәкірттері былтыр Бостонда өткен жарыстан жүлделі оралды.
Ал Университет қызметкерінің «Егістік» атты жобасы толық коммерцияланды. Қазір еліміздің ауыл шаруашылығында дәлме-дәл есеп жүргізуге қолданылып келеді. Біздің елге керегі де сол – жер анадан ырзық-несібемізді алуды заманауи деңгейге көтеру.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Наука фактически не подключена, здесь есть большой простор, большие возможности коммерциализации ваших проектов. Этот проект является ярким примером внедрения цифровых технологий в сельском хозяйстве. Мне показывали, как это работает, и если это так, урожайность наших полей будет поднята на 30-40%.
Биыл елімізде Жастар жылы. Өскелең ұрпақтың жасындай жарқылдап, кеңге құлаш сермейтін кезеңі. Яғни бұған дейін жасалған ізгі істер, мемлекеттік қолдаулар, білім алу мен кәсіп ашуға ұсынылған мүмкіндік еселеніп отыр. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда мұның ешқайсы қол жетімсіз еді. Міне енді көш түзелді, жағдай оңалды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Несмотря на это я запустил проект «Болашак». Программа не раз отмечалась международными образовательными рейтингами, как лучшая в мире. Она запустила огромный пласт других. На западе молодежь один год учится, другой зарабатывает деньги для обучения на следующий год, таким образом, зарабатывая себе на учебу сами. Программа «Болашак» подтолкнула родителей к тому, чтобы они начали направлять детей в лучшие образовательные центры мира, и сегодня более 60 тысяч молодых казахстанцев обучаются за пределами Казахстана.
Ал Назарбаев Университеті сол игі істердің жалғасы. Мұнда студенттердің басым бөлігі тегін білім алады. Өйткені өңір-өңірде осы Университеттен жоғары дәрежелі білім алуға жол ашатын зияткерлік мектептері ашылды. «Сондықтан оқу орнының түлектері сенімге селкеу түсірмеу керек», – деді Елбасы. Өйткені Университет құрылған 9 жылдың ішінде заманауи инфрақұрылымға ие болды. Аумағында 178 зертхана салынып, 54-і қалыпты жұмыс істеп тұр.
Елбасы қолынан диплом алғандардың бірі – Айдархан Ізімов. Ол қоғамдық денсаулық сақтау саласы бойынша магистр дәрежесін иеленді. Бұған дейін мұнда бакалавр бойынша да білім алған. Демек, арманының тағы бірі орындалды. Енді PhD доктары атанбақ ниетте.
Айдархан Ізімов, Назарбаев Университетінің үздік түлегі:
- Бізде 14 түлекті GPA бойынша таңдаған еді. Осы Университетті 900 студент бітірді. 14-і үздік дипломмен мапапатталды. Әрине, бұл мен үшін маңызды сәт болды.
Түлектердің дені ғылым және технологиялар мен инженерия мектебін бітірді. Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдарды меңгерген жастар да бар.
Мәділ Әділ, Назарбаев Университетінің түлегі:
- Енді жұмыс істеймін деген жоспарым бар. Бірнеше компанияға тапсырып жатырмын. Бір-екеуі алды.
Динара Қызырбаева, Назарбаев Университетінің түлегі:
- Көптеген ғылыми жобамен айналыстым. Университеттің арқасында осы деңгейге жеттім. Өзімнің алғысымды айтамын.
Нұрсұлтан Назарбаев түлектерге елімізді гүлдендіру жолында аянбай еңбек етуге шақырды. «Себебі Қазақстан – жалғыз әрі қасиетті Отанымыз», – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Сіздер жоғары білікті мамандар ғана емес, сондай-ақ азаматтық жауапкершілікті сезінетін қоғамның белсенді мүшелері болуларыңыз керек. Оқуды одан әрі жалғастыру, ел игілігі үшін еңбек ету, Қазақстанның атынан шетелде болу немесе өз ісіңізді бастау сияқты қандай да бір жолды таңдасаңыздар да сіздерге ақ жол тілеймін, жоспарларыңыз табысты іске аса берсін
Бұл – ата-аналардың да кеудесін мақтаныш сезімі кернеген күн. Перзенттерінің маңдайалды оқу орнын тәмамдап, үлкен өмірге қадам басқаны – мерейлерінің үстем болғаны.
Кенжебек Мәденов, ата-ана:
- Баламыз өз күшімен Нұрсұлтан Назарбаев мектебін бітіріп, осы оқу орнына түскен бала. Енді бакалаврды бітіріп, магистратураға түсіп жатыр. Ал өзіміз ауылдық жерде тұрған қарапайым еңбек адамдарымыз.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Заманауи инфрақұрылым, жоғары білікті маман, үздіксіз әрі сапалы берілетін білім. Мұның бәрі осы оқу орнында бар. Биыл бұл жерден түлектердің 5-ші легі түлеп ұшты. Түлеп ұшты да, үлкен өмірге қадам басты. Демек, ел экономикасына қажетті еңбек ресурсы толықты деген сөз және бұл іс үздіксіз жалғаса беруі тиіс.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Әлібек Әлиев, Жандос Битабаров, Хасен Омарқұлов