Жыл соңына дейін Маңғыстау облысында 9 мыңға жуық отбасы АӘК алады
Бұл өткен жылдағыдан бірнеше есеге көп. Биыл атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны да, жәрдемақы көлемі де өскен. Сәуір айынан бері күнкөріс деңгейінен 70% көтерілді. Яғни маңғыстаулықтар отбасындағы әр балаға 23500 теңгеден ала бастады. Егер былтыр 9 мың отбасы үшін атаулы көмек беруге ел қазынасынан бір жылда 496 млн теңге жұмсалса, биыл мамыр айында тұрғындарға 733 млн теңге төленді. Құжат рәсімдеу де жеңілдетілген. Тек жеке куәлік пен әлеуметтік көмек алуға өтініш болса жеткілікті. Бүгінде бұл көмекті алушылардың көбі Мұнайлы ауданында тіркеліп отыр. Мұнда «Е-Халық» ақпараттық жүйесіндегі жылдамдыққа байланысты қиындық туып, тұрғындар құжат өткізе алмай қалған еді. Қазір мәселе шешіліп, жұмыс қайта жалғасыпты.
Қарашаш Нұрмамедова, облыстық еңбек және әлеуметтік бағдарламалар үйлестіру басқармасы басшысы:
- Ауылдық жерлерде тұратын әрбір адам ауыл әкімдігіне АӘК тағайындауға өтініш беруге тиісті. Себебі «Е-Халық» жүйесі әрбір әкімдікте орналасқан. Мысалы 200-300 шақырым жердегі Қызан ауылынан келіп Шетпеге құжат әкелуіне міндетті емес. Ол Қызан әкімдігіне тапсырады, сонда жинақталып, Шетпе орталығындағы әкімге тапсырылады.