Павлодарда 543 сайлау учаскесі ашылды
Бұл ретте өндірісі қарыштап дамыған аймақтың тұрғындары азаматтық ұстанымдарын білдіріп, кемел болашақ үшін таңдау жасауға асық.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Ертіс өңірінің жұртшылығы әу бастан азаматтық белсенділігімен ерекшеленеді. Еліміздің болашағы үшін маңызды саяси науқан да назардан тыс емес. Дәл қазір алғашқы дауыс берушілер келіп жатыр.
Нұрлан Нәбиев, облыстық сайлау комиссиясының өкілі:
- Елімізде өте маңызды саяси оқиға өтуде. Қазақстандықтар еліміздің келешек жолын таңдап жатыр. Облыс бойынша павлодарлықтар үшін 543 сайлау учаскелік комиссиясының есігі ашылды. Байқаушылардың 24-і саяси науқанға қатысуда. Сайлаушыларға сәттілік тілеймін!
Ақмарал Есімханова, тілші:
- №11 сайлау учаскесі – облыс орталығындағы ірі учаскелердің бірі. Мұнда 2 203 павлодарлық тіркелген. Олардың ішінде 15 жас алғаш рет дауыс бермек. Ал облыс бойынша таңғы 07:00-де облыстағы 543 сайлау учаскесі жұмысқа кірісті. Олардың 23-сі жабық типті, яғни әскери бөлімдер, емханалар сияқты мекемелерде орналасқан. Өңір тұрғындарының 500 мыңнан астамы таңдау жасайды деп күтілуде. Бұған дейін аймақтың қала-аудандарында call-орталықтар ашылған. Аталған қызмет арқылы кез келген азамат өзін сайлаушылар тізімінен таба алады.