Хабар телеарнасы

Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары да өз таңдауларын жасап жатыр

Өйткені Лондон Нұр-Сұлтан уақытынан 5 сағат артта.

Елшілік жанында орналасқан №244 сайлау учаскесі қажетті құрал-жабдықтармен түгелдей қамтамасыз етілген. Сондай-ақ бұл жерде Президенттікке үміткерлер туралы жазылған ақпарат тақтайшасы да бар.

Жанболат Үсенов, №244 сайлау учаскесінің төрағасы:

- Бүгін Лондон уақыты бойынша таңғы сағат 07:00-де сайлау учаскесі өз жұмысын бастады. Көріп отырғандарыңыздай, сайлау учаскесі барлық ережеге сәйкес жұмыс істеп жатыр. Елшілік қызметкерлері және комиссия мүшелері ашық және әділ сайлау өткізу үшін барлық күш-жігерін салу үстінде.

Сайлау учаскесі туралы ақпарат жарияланған сәттен бастап 600-ден астам адам елшілікке алдын ала тіркелген. Олардың барлығы – Ұлыбританияда қызметте, оқуда немесе басқа да себептермен уақытша жүрген өз азаматтарымыз.

Бекзат Ырза, студент:

- Көңіл-күй керемет. Өзім Нұр-Сұлтан қаласынан боламын. Сот сарапшысы болып қызмет атқарамын. Осында «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтіп жатырмын. Жаңадан сайланатын Президент мемлекеттік саясат тұрақтылығының кепілі болады деген үмітпен таңдау жасағалы тұрмын.

Сайлау учаскесінің жұмысына қазақстандық қоғамдық ұйымнан тәуелсіз бақылаушы қатысып жатыр. Оған сайлау барысын кедергісіз бақылауға мүмкіндік берілді. Елшілік сайлау процесіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті полициямен ынтымақтастықта жұмыс істеп жатыр.