Ташкентте дауыс беру жалғасуда
Көрші елде жүрген Қазақстан азаматтарына дауыс беруге барлық жағдай жасалған.
Қанат Жүнісбеков, тілші:
Ташкенттегі сайлау учаскесінде де дауыс беру таңертеңнен бері жалғасып жатыр. Елшіліктің жаңа ғимаратында орналасқан орталыққа келіп өз таңдауын жасаушылар саны толастар емес. Қазақстандағы саяси науқан барысын Өзбекстандағы БАҚ өкілдері де жарыса жазып жатыр.
Жалпы Өзбекстанда жұмыс бабымен және демалыс күндері туыстарына қыдырып келіп, осындағы тарихи орындарға зиярат жасап жүрген азаматтардың саны 400-ден асады. Қазірге дейін сол азаматтардың басым бөлігі дауыс беріп үлгеріпті. Қойы қоралас, ауылы аралас елдің байланысы бекем. Өйткені егемендікпен бірге қандастарымыз ата жұртқа қоныс аударды. Осылайша аралас-құралас жатқан ел арасындағы бауырмалдық байланыс одан сайын нығая түсті.
Жарылқасын Қонысбай, сайлаушы:
- Бүгінгі сайлау мен үшін өте маңызды. Мен өз таңдауымды жасадым. Қазақстан егемендік алған уақытта біз ата қонысқа көшіп едік. Мұнда ағайын-туыс тұрады. Сол туыстарға қыдырып келгенмін. Бүгінгі сайлауға тура келіпті. Бұл сайлау халқымыз бен жастарымыздың болашағы үшін маңызды.
Ташкенттегі сайлау учаскесінде дауыс беру кешке дейін жалғасатын болады.