Президент сайлауы туралы әлемдік БАҚ хабар таратты
Сайлау туралы жаһанның белді басылымдары мен арналары үзбей хабар таратып жатыр. Халықаралық басылымдарда, маңызды саяси доданың өтуі жайлы қандай пікір жарияланып жатыр?
Дүниежүзінің алдыңғы қатарлы бұқаралық ақпарат құралдары еліміздегі президент сайлауы туралы жарыса жазып жатыр. Үндістанның Business Standard газетінде халқымыз үшін маңызды шараға қатысты ауқымды материал жарық көрді. Тілші бұл сайлау елдегі экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін маңызды екенін атап өткен.
Әзербайжандық Trend ақпарат агенттігі еліміздегі сайлау үрдісіне шолу жасап, ел тариxында алғаш рет әйел адам президенттіке үміткер ретінде ұсынылғанына назар аударған.
Ал «РБК-Украина» ақпарат агенттігі таңғы 07:00-де елімізде 10 мыңдай сайлау учаскесі ашылғандығын хабарлады. «Кезектен тыс президент сайлауында 12 млн-ға жуық азамат дауыс беру құқығына ие», – деп жазады мақала авторы.
«РИА Новости» жариялаған материалда президент сайлауында заң бұзушылық тіркелемеді делінген. Ресейлік халықаралық ақпарат агенттігі Ислам Ынтымақтастық ұйымы миссиясының басшысы Махмуд Әл-Раисидің «сайлау науқаны жоғары деңгейде ұйымдастырылды» деген сөзін келтіреді.
Еуропалық БАҚ өкілдері де Қазақстандағы президенттік сайлауға зор қызығушылық танытып, сайлаушылар саны, президенттікке үміткерлердің сайлау алдындағы науқаны туралы қалам тербеп, еліміздегі саяси додаға сараптамалық мақалалар арнаған.
Германияның әйгілі «Дойче Велле» телерадиокомпаниясының сайтында президент сайлауын 9 халықаралық ұйым мен 41 елден келген мыңнан аса шетелдік байқаушы қадағалауда. «Сайлау барысы туралы ақпарат тарату үшін 200-ден астам шетелдік тілші тіркелді», – деп жазылған.