Мемлекет басшысы әкімдерге бірқатар міндет жүктеді
Президент әкімдер алдына бірқатар міндет қойды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ең алдымен азаматтарымыздың құқығы мен бостандығын, қоғамда тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек. Заң алдында барлық азаматтың құқығы бірдей. Сондықтан заң үстемдігін қамтамасыз ету маңызды. Әкімдер кабинеттерінен шығып, халықпен ашық диалогқа баруы керек. «Билік халықты тыңдап, олардың талап-тілектеріне зейін қоюы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздегі мемлекеттік саясатты дұрыс түсіндіру мәселесіне тоқталды. Бүгінгі ең өзекті мәселе – жұмыс орындарын ашу. Бұл әкімдердің жұмысының басты көрсеткіші болады. «Ол үшін барлық мүмкіндікті қарастыру керек», – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев жуық арада «Ұлттық қоғамдық сенім» кеңесі құрылатынын атап өтіп, осы кеңеске мүше болатын азаматтарды барлық өңірден ұсыну қажет екенін айтты. Сонымен қатар Президенттің кадрлық резервіне де ұсыныстар әзірлеу керектігіне назар аударылды. «Әр өңірден ұсыныстар беріңіздер. 300 жас маманды іріктеп, мемлекеттік қызметтің барлық саласына тарту керек. Бірақ осы жас мамандарды іріктеу ісі әділ жүргізілсін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.