Қазақстанды табысқа жетелейтін бағыттар айқындалды
Ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы Қазақстанды табысқа жетелейтін негізгі бағыттарды мәлімдеді.
Құрғақ уәде бермей, нақты істерді жүзеге асыру. Халық алдында салтанатты түрде ант берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. «Бұл ережеге Үкімет мүшелері мен әкімдер де сүйенуі керек. Өйткені халықпен жұмыс істейтін – осы лауазымды тұлғалар. Билік пен қоғам арасында диалог орнауы тиіс. Бұл басты бағдар болуы тиіс», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруды жөн санадым. Оған жастармен қоса қоғамның барлық өкілі кіреді. Кеңестің алғашқы жиыны тамыз айында өтеді. Билік халық алдында берген уәдесін міндетті түрде орындауы керек. Бұл – басты миссия. Осылай ғана елдегі келісім мен ұлттың бірлігін нығайта аламыз. Сол себепті менің сайлауалды бағдарламамды жүзеге асыру бойынша жоспар әзірленеді. Халықтан түскен үздік идеялар мен ұсыныстар осы құжатта көрініс табатын болады.
Олар: халықтың табысын арттыру, сыбайлас жемқорлықты жою, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй мәселесін шешу, әділетті әлеуметтік саясат, өңірлерді дамытудың жаңа бағдары, «Рухани жаңғыру», көпвекторлы сыртқы саясат, жастар саясаты.
«Ең әуелі халықты толғандыратын мәселе – табыс көлемінің азаюы. Оның үстіне халықаралық қаржы нарықтарының тұрақсыздықтары халықтың табысына кері әсер етпей қоймайды. Миллионнан астам қазақстандық банктен несие алуға мәжбүр болды. Ауыл мен қаладағы жалақының алшақтығы жер мен көктей. Әрине, мұндай құбылыстар бүкіл әлемде бар. Дегенмен тоқмейілсіп отыра беруге болмайды», – деді Президент. Сондықтан дәл осы өткір әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселені шешу үшін орта мерзімді кешенді шаралар қабылдау қажеттігін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Ең алдымен өсім бізге не үшін қажет екенін терең түсінуіміз керек. Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін экономикалық өсім болуы тиіс. Таяу арада Үкіметтің кеңейтілген отырысында біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттерді айқындаймыз.
Келесі бағыт – сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жою. Бұл кеселмен бүгінде әлемнің алпауыт мемлекеттері де күресіп келеді. Сол себепті жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс атқару қажет екендігін де айтып өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 1 қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады. Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл – қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз.
Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу. Бұл – Президент нұсқаған 3-ші бағыт. Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау қажеттігі де айтылды. Өйткені қазір әділдік іздеген азаматтар фемида өкілдеріне сенімсіздік танытатыны жасырын емес.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сот – заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан судьялардың жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы – үлкен міндет. Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек. Сот әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс.
«Сондай-ақ ысырапшылдыққа жол бермей, мемлекеттік бюджет тиімді жұмсалуы тиіс. Бұл қаржыға елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, халықты жұмыспен қамтамасыз ету керек», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі – стратегиялық маңызды дүние. Мемлекеттік бюджеттің қаражатын ең алдымен келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет.
Сондай-ақ халықты баспанамен қамту жайы да басты назарда. Тұрғын үй мәселесін шешу үшін Үкіметтің нақты шаралар қабылдайтыны, бірыңғай тұрғын үй саясаты жасақталатыны жайлы сөз болды.
Әділетті әлеуметтік саясат – алтыншы бағыт. Ол бойынша елде адам капиталын дамыту саясаты жалғасады. Ол үшін жаппай білім беруді қолдау керек. Тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетіліп, мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесін көтеретін заңдар қабылданбақ. Әкімдер халыққа жақын болуы тиіс. Аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге тұрғындар белсенді араласатын болады. Себебі қоғамдық бақылау бүгінде аса маңызды. Сондықтан жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі нығайтылмақ. Сегізінші бағыт – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс. Мұның барлығы – біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады. Қазақстанды болашаққа бастайтын – жастар. Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет.
Сонымен қатар сыртқы саясатқа да ерекше мән беріліп отыр. Қазақстан егемендік алғалы көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанады. Халықаралық қатынастарда сенімді серік екенін көрсетіп, әлемде зор құрметке ие болды. Бұл ары қарай да жалғасын табады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз көпвекторлы сыртқы саясатымызды жалғастыратын боламыз. Халықаралық аренада өзіміздің ұлттық мүддемізді қорғап, дамытамыз. Еліміздің сыртқы саясаты мемлекетке, бизнеске және әрбір қазақстандыққа нақты пайдасын әкелетін болады.
«Мен жастарға сенемін!» – деп Мағжан ақын айтқандай Қасым-Жомарт Кемелұлы ел жастарына ерекше тоқталды. Елбасы «Жастар жылы» деп жариялаған 2019 жылда «Жастар – ел тірегі» жобасы жұмыс істей бастады. Қазір «Жас кәсіпкер» бизнес бастамалары бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл іс жалғасып, стартаптар қолдау табады. Сонымен бірге өскелең ұрпақты жұмыспен қамтитын бағдарлама енгізілмек.