Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған жастар саясаты қолдау тапты
Қызылордалық жастар орталығы қазірде 44 жобаны іске асыруды қолға алған. Оған жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлініпті. Қомақты қаражаттан өңірдің үздік стартап жобаларына 500 мың теңгеден үлестірілмек. Алғашқы 9 жобаны қаржыландыру туралы шешім бар. «Мемлекет басшысының жастардың бизнес бастамаларын қолдау туралы сөзі қолға алынған іске серпін береді», – дейді өрендер.
Абылайхан Сабанбаев, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры:
- Қазіргі таңда Сыр жастары Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынысымен бастау алып жатқан жастарды жұмыспен қамту мәселесін қолдау бағытында үлкен бастамаларды көтеріп отыр. Осы бағытта облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасымен үлкен жобалар жүзеге асатын болады.
Ал БҚО тұрғындарының 20% – жастар. Онда 80-нен аса жастар ұйымы тіркелген. Соның 30 шақтысы белсенді жұмыс атқарып келеді. Жайық жастары ресми түрде жұмысқа кіріскен Президенттің «меритократиялық принциппен іске білікті жастарды кеңінен тартамыз» деген сөзін жылы қабылдады. «Президенттің кадр резервіне ілігу үшін өз арамызда бәсеке жоғары болуы тиіс», – дейді оралдық белсенділер.
Гүлнұр Салауатова, студент:
- Қасым-Жомарт Кемелұлы Жастар жылын қолдайтынын өз сөзінде атап кеткен болатын. Оның «Билікке жастар келеді» деген сөзі маған ұнады. Өйткені Елбасының сара жолын жалғайтын көшбасшы ретінде жастарға деген 100% сенімін осы бір сөзі арқылы дәлелдеді.
10 бастама халықтың өмір сапасын өзгертуі тиіс. Үкіметке мемлекеттің жаңа әлеуметтік саясат бағдарламасын әзірлеу туралы тапсырма берілуі әлеуметтік әлсіз топтарға үміт сыйлап отыр. «Халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған бастамалар ел ішіндегі тұрақтылықпен қамтамасыз етеді», – дейді ұстаздар.
Клара Молдахметова, ұстаз:
- Президент қазіргі қоғамның бірлігін қамтамасыз етуге, әр адамның құқығын қорғауға және әлеуметтік мәселелерді шешуге күш салатынын айтты. «Мемлекеттің халыққа жақындығын қамтамасыз етеміз», – деп отыр. Оның барлығы әрине, бізді қуантады. Өйткені әр адамға керегі сол деп ойлаймын.