Атырау облысында қонақүйлер мен демалыс орындары тексеріле бастады
Себебі бизнестің осы түрімен айналысатын кәсіпкерлер қадағалаудың жоқтығынан соңғы кезде салақсып кетті.
Естеріңізге сала кетейік, маусымның 15-нен 16-на қараған түнде облыс орталығындағы қонақүйден өрт шығып, 31 адам ажал құша жаздады. Оның 29-ы көрші облыстан жарысқа келіп жатқан балалар екен. Абырой болғанда барлығы дін аман. Бүгінде облыстағы 94 қонақүй мен жатахана, 35 ойын сауық орталығында өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталуын мамандар жіті қадағаламақ.
Рашид Біләлов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:
- Әрбір қабатта 2-3 шығу есігі болуы керек және коридорлары 100 метрден ұзындығы асатын болса 20 метр сайын көшіру жоспары ілінуі тиіс. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша дабыл қаққыштар болуы тіис. Әкімшілік алғашқы өрт сөндіру құралдарының бірі жарық беретін қолшамдармен жабдықталуы тиіс.