Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті
Бірі – Арыс қаласындағы қазіргі ахуал, екіншісі – еліміздің су қауіпсіздігі. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Арыс қаласында қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты, сондай-ақ өңірді тезірек қалпына келтіру және тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсету үшін мемлекет тарапынан барлық шара қолданылып жатқанын атап өтті.
Қауіпсіздік кеңесінің отырысында қаралған алғашқы мәселе – Арыстағы апат. Осымен үшінші күн апаттың алдын алуға билік те, халық та үздіксіз жұмыс жүргізіп келеді.
Ресми мәлімет бойынша 3 адам көз жұмды, 160-тан астам адам зардап шекті, 40 мыңнан астам азамат баспанасын тастап қашуға мәжбүр болды. Олар жақын арада үйлеріне қайтуы тиіс. Кеңесте Үкіметке осындай тапсырма берілді. Арыстағы қазіргі ахуалды мұқият тыңдаған Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев апатта опат болғандардың отбасына көңіл айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысында өте күрделі мәселелерді қарадық. Жоспарлы су мәселесі еді. Біз Арыста болған жағдайларды қарап, тиісті мекеме басшыларын тыңдадық. Үкімет басшысының жұмысын қарадық. Өздеріңіз білесіздер, Президент сол жерге барып, жағдаймен танысып, тиісті тапсырмалар берді. Енді мен де қайтыс болған азаматтардың жанұяларына өзімнің көңілімді білдіремін. Көп ғимарат қирады. Қазір Үкімет басшысына «тез арада соларды орнына қайтарып, 27-28 маусым күндері қайтадан үйлеріне келетін болсын» деген тапсырма берілді. Жөндеу жұмыстары түгел аяқталатын болады.
Осындай сәттер елдіктің сыналар шағы сында. Төтенше жағдай барысында мемлекет тарапынан қажетті көмек көрсетілді. Күштік құрылымдардың бәрі жұмылды. Ал қарапайым халықтың Арыстағы ағайынға деген қамқорлығы мен қолдауы міне, үшінші күн әлі үзілген жоқ. «Арыс жұртшылығы жалғыз емес», – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Ондай жағдайлар әр жерде болып тұрады. Осының өзі бүкіл қазақстандықтың қайғысына айналды. «Арыспен біргеміз» деп, әр мекеме, өндірісте жұмыс істеп жатқан адамдар өзінің қаражатынан болса да, басқа жағдаймен де көмектесіп жатқанын біліп отырсыздар. Осындай бірлігімізбен әр уақытта солай болады. Өткенде Алматы облысында су тасқынынан зардап шеккендерге де, ОҚО-да жер сілкінгенде де сондай болған. Елдің ынтымақтастығы халықтың қайғысына үлкен тіреу болады деп сенемін. Сондықтан Арыстың жұртшылығы жалғыз емес, мемлекет болып, ел болып барлығын орнына келтіреміз. Ол жердегі оқ-дәрі қоймасы баяғы Кеңес одағынан келе жатыр. Ауған соғысында да қолданылған. Оны енді түбегейлі шешетін боламыз, тапсырма бердік. Мемлекет өз шаруасын жасап жатыр.
Кеңесте қаралған кезекті мәселе – су қауіпсіздігі. Жағдайдың күрделі екенін отырыста Елбасы еске салды және су ресурстары мен су шаруашылығы нысандарының жай-күйі талқыланды. Сондай-ақ тұрғындар үшін таза ауызсудың қолжетімділігі, суды үнемдеу мәселелері айтылды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Су мәселесі Қазақстанда өте күрделі. Ауыл шаруашылығына қолданылатын су, ауызсу мәселесі де бар. Дүниежүзінде бұл бойынша көп жұмыс жасайды. Сондықтан «Жер астындағы, үстіндегі, көршілерден келетін су қанша, болашақта қалай жұмыс істейміз?» деген секілді үлкен әңгіме болды.
Отырыс қорытындысы бойынша Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Арысты тазарту, жөндеу және қала тұрғындарын үйлеріне қайтару бойынша нақты тапсырмалар берді.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Хасен Омарқұлов