300 бала Баянауылдағы жазғы лагерьде демалады
Олар жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалады. Облыс әкімшілігі 300 баланы лагерьде қабылдау туралы шешім қабылдаған. 130 бала мен 14 әлеуметтік педагог арнайы ұшақпен келді. Бүлдіршіндердің көңіл-күйлері жақсы. Салтанатты қабылдаудан кейін автобустарға отырып Баянауыл ауданына кетті. Екі апта бойы туристік аймақтағы «Жас дәурен» лагерінде демалады. Оларға әлеуметтік, психологиялық және медициналық көмек көрсетіледі. Павлодардың мемлекеттік педагогикалық университетінің және «Серпін» бағдарламасымен оңтүстік өңірлерден келген студенттер волонтер ретінде жұмысқа тартылған. Апатты аймақтан жақын күндері арнайы рейспен тағы 170 бала жеткізіледі.
Айдын Абай, Арыс қаласының тұрғыны:
- Ешқандай жарақат алған жоқпыз. Туысқандарымыздың бәрі аман-есен. Үйде болдық, таңертең жарылыс кезінде ұшақ ұшып жүрген сияқты болды.
Асхат Оралов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары:
- Арнайы рейс ұйымдастырылып, ұшып келді. Өйткені балалардың көбісі стресс алып қалды. Содан кейін біз 1,5 сағатта оларды арнайы ұшақпен Павлодар өңіріне алып келдік. Бәрі ұйымдастырылды. Жазғы демалыс жақсы өтеді деген жоспарымыз бар. Қазір киелі Баянауыл еліне барады. Дайын арнайы туристік үй бар.