Қарағанды облысында бірыңғай «Білім базасы» құрылады
Бұл туралы ғылыми кеңестің кезекті отырысында айтылды. Басқосуда ғылым мен өндірістің арасындағы байланысты нығайту жайы да жан-жақты талқыланды.
Елімізде ғылым мен өндірістің арасын жақындату керек. Мысалы отандық кәсіпорындарға қандай да бір техникалық шешімдер қажет делік, ал ол тапсырысты орындай алатын ғалымдар өзімізде бар. Тек екіжақты байланыс қажет. Осы олқылықты жойып, әріптестікті нығайту үшін облыста ғылыми кеңес құрылған болатын. Алғашқы нәтижесі жақсы.
Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:
- Соңғы бір жарым жылда аймақ ғалымдарының 100-ге жуық өнертабысы қаралып, соның 20-сы өндіріске енгізілді. Бұл негізінен тау-кен, металлургия саласында жүзеге асуда. Келешекте ауыл шаруашылығы, құрылыс, медицина, химия салаларын да қамтуымыз қажет.
Ғылыми кеңестің тағы бір міндеті – өңірдегі кәсіпорындар мен оқу орындарының жұмысын үйлестіру. Қазіргі күні өндіріске нақты қандай мамандар қажет, колледждер соған қарай бейімделуі тиіс. Ол үшін облыста бірыңғай «Білім базасы» құрылатын болды. Ал 9 колледждің жанынан ашылған құзірет орталығы қазір жемісті жұмыс істеп тұр. Мұнда студенттер күн сайын өзгеріп жатқан технология көшінен қалмау үшін теориялық білімін тәжірибемен ұштастырады. Сөйтіп бәсекеге қабілетті маман болады. Енді жыл соңына дейін металлургия және транспорт салаларын қамтитын өңіраралық тағы 2 орталық іске қосылмақ.
Павел Черных, БҰҰ «Білімді дамыту» жобасының сарапшысы:
- Өкінішке қарай, қазір оқу орындарының көпшілігі бизнестің сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Қазіргідей техника қарыштап дамыған заманда мамандарға деген талап та өзгерген. Сондықтан білім ошақтары халықаралық стандартқа көшу керек. Ол үшін ортақ «Білім базасы» болуы тиіс.
Ғылыми кеңес төрағасының айтуынша, өңірдегі ірі компаниялар 27 түрлі технологиялық тапсырыс берген. Бірақ оны қолға алуға ешбір ЖОО құлық танытпаған. Облыс әкімі ғалымдардан белсендірек болуды сұрады.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин