Әсем астананың жаңа атауы шығармашылық туындыларға арқау болуда
Күннен-күнге көркейіп келе жатқан әсем астананың жаңа атауы да шығармашылық туындыларға арқау болуда.
Елорданың мәртебесін асқақтатқан патриоттық әндердің көшін Алтынай Жорабаеваның «Елімнің жүрегі» әні бастап тұр деп топшыласақ, «МұзАРТ» тобының орындауындағы «Есіл ағады» әні бас қаланың әсемдігін дөп басқан. Осы сарында Ертай Ашықбаевтың сөзіне жазылған Қанат Айтбаевтың «Астана вальсі» де көпшіліктің жүрегінен орын алды.
Бүгінде әлем жұртшлығының назарын өзіне аударған еңселі Ақорда туралы әндер жүздеп саналады. «Ән жүрегім – Астана» байқауы да жыл сайын жаңа әндердің жазылуына себеп болып келеді. Алайда сөзі мен әні үйлескен, орындаушысын тапқан әндер саусақпен санарлық. Әншілер тобы орындайтын Арман Дүйсеновтің «Арқаның төрі – ақ бесік» әні де тыңдарман жүрегінен орын алды.
Сарыарқаның төріне салтанат пен сән берген сазгерлер күн сайын жаңарып, жыл сайын жасарған бас қаланың жаңа атауын да әнге қосты. Мереке қарсаңында көпшілікке таныстырылған «Нұр-Сұлтан» әні жас қаланың ырғағын дәл берген.
Нұрсұлтан Батырқұлов, сазгер:
- Керемет дүние шықты деп ойлаймын. Бұл ән жастарға арналған. Жас қала, бас қала болғаннан кейін жаңа дүние шығарайық дедік.
Ренат Баситов, «Азия» тобының әншісі:
- Тек қаланы ғана көрсеткен жоқпыз. Шетелден келген туристерді көрсеттік. Сондай-ақ махаббатты қостық, сюжеті бар ортақ мәселеге келіп, жақсы дүние шығардық.
Бейбітшіліктің бесігі Ақорда туралы әлі де талай ән жазылары сөзсіз. Олар тек музыка өнеріне қосылғын жауһар туынды ғана емес, орындаушылар арқылы қазақ елін, Нұр-Сұлтан қаласының мәртебесін әлем жұртшылығына танытудың ерекше бір көрінісі болса игі.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев