Челябі облысында он шақты шаруашылық қымыз өндірісімен айналысады
Бір ғана Челябі облысында бұл кәсіпті жүйелі жолға қойған он шақты шаруашылық бар. Олар өз өнімдерін арнайы ыдыстарға құйып, сауда орындары арқылы өткізеді.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Қазір мен Ресейдің Оңтүстік Орал өңіріндегі Қымызды деген ауылда тұрмын. Атауының өзі айтып тұрғандай бұл елді мекенде ежелден бие байлап, қымыз баптаған. Дертке шипа, бойға қуат беретін қазақтың ұлттық сусынына деген мұнда сұраныс зор. Күніне бұл фермада 200 литрдей қымыз өндіріледі.
Мұнда сауын уақыты екі сағат сайын болады. Жылқы сүті арнайы цехта өңделеді.Онда ағарғанның бәрі үлкен бөшкеге жиналып, қолдан істелген қондырғымен бабына келгенше пісіледі. Сосын дайын қымыз жарты литрлік ыдыстарға құйылады.
Фирдаус Фахритдинова, технолог:
- Біз күніне 300 бөтелкеге құямыз. Сапасы бойынша екі алтын медальді жеңіп алдық. «Батырлардың сусыны» деген атауы бар, оны дәлелдейтін сертификаты тағы бар.
Шаруашылық иесі Саляхитдин Мұртазин 40 жылға жуық жылқы өсірумен айналысады. «Осы уақыт аралығында түрлі жағдайларға қарамастан, қымызға сұраныс артпаса, бәсеңдеген жоқ», – дейді. Тіпті Мәскеуден арнайы тапсырыспен алдыртатындар бар екен.
Саляхитдин Муртазин, шаруа:
- Жарты ғасырдан бері шаруашылық қымыз өндірісімен айналысып келеді. Шипалы сусынды санаторийлерге, балалар ауруханасына, дүкендерге жібереміз.
Айтуларынша, жылқы басын өсіруге Челябі облысының басшылары да мүдделі. Бұл мақсатқа млн рубльге дейін субсидия қаралған екен.
Александр Раевский, Челябі облысының Ауыл шаруашылық министрінің орынбасары:
- Біздің өңірде жылқы малын өсіруге мүмкіндік мол. Қазір асылтұқымды биелер үйірін қалыптастыруды мақсат етіп отырмыз. Тиісінше өнім сапасы да жоғары болады.
Байқауымызша, Челябінің ірі сауда орындарында қазақстандық қымыз, басқа да сүт өнімдері көбейіп келеді.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров